Моншаның адам денсаулығына пайдасын бұрыннан білеміз. Булы бөлмеге кірген сайын тән де, жан да тазарады. Ал егер моншаға аптасына бір рет тұрақты барып тұрсаңыз, оның әсері бірнеше есе артады. Бұл – денсаулықты нығайтудың, шаршауды басудың және ағзаны жасартудың табиғи жолы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Міне, апта сайын моншаға баруға 5 маңызды себеп:
1. Ағзаны тазарту
Моншада қатты терлеген кезде тері арқылы ағзадағы улы заттар мен токсиндер шығарылады. Бұл – денені табиғи жолмен тазартудың ең тиімді әдісі. Аптасына бір рет моншаға бару ағзаны шлактардан арылтып, жалпы жағдайды жақсартады.
2. Иммунитетті күшейтеді
Бу мен ыстықтың әсерінен қан айналымы жақсарып, ағзада ақ қан түйіршіктері (лейкоциттер) белсенді жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде адам түрлі вирустар мен бактерияларға қарсы тұра алады. Моншаға жиі барған адам сирек ауырады.
3. Жүрек пен қантамыр жүйесін қорғайды
Моншада ыстық бу мен суық судың алмасуы – тамырлар үшін тамаша жаттығу. Бұл қан қысымының тұрақтануына, гипертонияның алдын алуға және жүрек жұмысын жақсартуға көмектеседі.
4. Жасартушы әсері бар
Моншада ағзаның жасушалары жаңарып, тері тесіктері ашылып, қан айналымы күшейеді. Осылайша тері серпінді, таза және жас көрінеді. Монша – сұлулық пен жастықтың табиғи сыры.
5. Жүйке жүйесін тыныштандырады
Монша – күйзелістен арылудың ең жақсы тәсілдерінің бірі. Бу бөлмесінде отырып, бұлшықеттер босаңсиды, жүйке жүйесі қалпына келеді. Эфир майларын қоссаңыз, әсері тіпті күшейеді – ұйқы жақсарып, көңіл-күй көтеріледі.
Алайда моншаға бару барлығына бірдей пайдалы бола бермейді. Жүрек-қан тамыр аурулары, тыныс алу жолдарының созылмалы сырқаттары, жоғары қан қысымы, тері аурулары немесе қант диабеті бар адамдарға монша кей жағдайда зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан дәрігермен кеңескен жөн.
