Алматыда түнде толассыз қар жауды. Алматы әкімдігі өкілдері қаладағы ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
4 қарашада сағат 20:00-ден бастап Алматыда қар жауа бастады. Ауа температурасы +2 °C, желдің жылдамдығы 2-7 м/с болды. Қар қалыңдығы қалада шамамен 1 см, таулы аймақта 10 см-ге дейін жетеді.
"Қала көшелерінде 918 арнайы техника және 2550 жол жұмысшысы қызмет атқарып жатыр. Негізгі магистральдер, көпірлер, жол айрықтары, еңістер мен көтерілістер, тротуарлар және аялдама аймақтары көктайғаққа қарсы материалдармен өңделіп жатыр. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі", - деді әкімдік өкілдері.

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, түнде жауған қардан кейін Алматыда 17 жол апаты болған.
"Алматыда сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 17 жол апаты тіркелді. Қаза тапқандар жоқ, 6 адам жарақат алды", - деді ПД баспасөз қызметі өкілі.
