Қазақстанда 2025 жылы қызметкерлер ең жиі алатын жалақы мөлшері 116 059 теңгені құрады. Бұл елдегі орташа айлықтан шамамен төрт есе төмен көрсеткіш, деп хабарлайды Dalanews.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Аналитиктердің айтуынша, халық табысын есептеудің бірнеше тәсілі бар. Соның бірі - орташа номиналды жалақы. 2025 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 448 620 теңгені құраған.
Ал медианалық жалақы табысы жоғары және төмен азаматтарды тең екі бөлікке бөлетін нақты шама. 2025 жылы оның мөлшері 317 512 теңгеге тең болды.
Бұдан бөлек, сарапшылар модальды жалақыны, яғни елде ең жиі кездесетін табыс көлемін де есептейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл бұл көрсеткіш 116 059 теңге болған. Бұл орташа номиналды жалақыдан төрт есе аз.
Соған қарамастан, модальды жалақы бір жыл ішінде 19 пайызға артқан: 2024 жылы ол 97 557 теңге болған еді.
Өңірлер арасындағы айырмашылық айқын. Ең жоғары модальды жалақы Шығыс Қазақстан облысында тіркелген, айына 256 907 теңге. Одан кейін Астана (252 738 теңге) мен Алматы (247 385 теңге) қалалары келеді. Ал үздік бестікті Атырау облысы (242 995 теңге) мен Шымкент (208 179 теңге) түйіндейді.
Ең төмен көрсеткіштер Батыс Қазақстан (113 201 теңге), Түркістан (113 110 теңге) және Солтүстік Қазақстан (112 745 теңге) облыстарында байқалды.
Мұның барлығы елдегі табыс теңсіздігінің айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді. Көптеген азаматтың еңбекақысы орташа және медианалық деңгейге жете бермейді.
Бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы көлемі туралы да айтылған еді. Ал жуырда еліміз ЕАЭО елдері арасында орташа айлық мөлшері бойынша екінші орынға ие болған.
