Қазақ жігіті Оксфордта қазақ тілін үйретіп жүр

Көркем Алдабергенова 05 қар. 2025 09:24

Қазақстандық жас маман Дидар Садық бүгінде Оксфорд университетінде қазақ тілінен сабақ береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дидар Садық – шағын Қарашоқы ауылында туған. Балалық шағынан қазақ тіліне ерекше қызығып, бір күні қазақ тілін бүкіл әлемге танытуды армандаған.

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдап, кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек еткен.

Сол жерде жүргенде Дидар тіл ғылымын тек зерттеу емес, оны әлемге танытуды мақсат ету қажет екенін түсінген. 

Оксфордтағы қазақ тілі

Қазір ол Оксфорд университетінде қазақ тілінен дәріс оқиды. Бұл бастама 2024 жылы іске қосылған пилоттық жоба аясында жүзеге асқан. Аталған жоба Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы келісім нәтижесінде жүзеге асты.
Жобаға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолдауы себеп болған. Осы серіктестік арқасында қазақ тілі әлемнің ең беделді оқу орындарының бірінде оқытыла бастады.

Арманға айналған еңбек

Дидар үшін бұл жай ғана жұмыс емес – бала кезден көңілінде жүрген үлкен арманның орындалуы. Ол Қазақстанның тілі мен мәдениетін әлемге таныстыру арқылы елдің рухани мұрасын дәріптеуді басты борышы санайды.

«Қазақ тілін оқыту – өз мәдениетімізді жеткізудің ең әдемі жолы», – дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар