“Тергеуде отырмын ба?”: Павлодарда депутат пен шенеунік сөзге келіп қалды

Қаракөз Амантай 05 қар. 2025 10:26

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Сабиден Мантықов пен  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков жиналыс барысында сөзге келіп қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиында депутат аурухананың желдету жүйесіндегі ақауға назар аударды.

"13 миллиард теңге бөлінді, бірақ желдету жүйесі жұмыс істемейді. Дәрігерлер қалыпты жағдайда ота жасай алмай отыр. Бұған не айтасыз?", - деп сұрады депутат.

Ал Шаметеков бұл сұраққа ашулана жауап берді.

"Актке әлі бас дәрігер қол қойған жоқ. Операциялық аймақ жұмыс істеп тұр, бірақ дәрігерлер желдету жүйесіне толық кіре алмайды. Бас дәрігердің айтуынша, бәрі реттелген. Біз тиісті шара қолданып жатырмыз. Бірақ мен тергеуде отырған жоқпын ғой! Егер сөйлессек, объективті түрде сөйлесейік", - деді ол ашулы күйде.

Ресми тексеріс

Осыдан кейін депутат Мантықов мәселені нақтылап, өзінің депутаттық сауалы негізінде тексеру жүргізілгенін айтты.

“Депутаттық сауалыма сәйкес, Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бірінші қалалық аурухананың операциялық бөлмелерін тексерді. Нәтижесінде желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтіні анықталды. Мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге басқарма басшысы Шамитеков депутаттық корпус алдында шындыққа сай келмейтін ақпарат ұсынғаны белгілі болды. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдарға өтініш жолданды”, — деді халық қалаулысы.

Хатта не жазылған?

Хатта басқарма басшысының міндетін атқарушы Марат Иманханов Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың екі қабатты (Д және Г) және "А" блогын қайта жаңарту жұмыстарына байланысты депутат сауалына егжей-тегжейлі түсініктеме берген.

“Өтініш негізінде “BCN Group” ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша басқарма жоспардан тыс тексеру жүргізді. Аталған тексеру ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінде тіркелген”, – делінген ресми хатта.

Тексеру қорытындысы бойынша, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заң бұзушылықтар анықталған. Осыған байланысты нысанның мердігеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 312-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 1400 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 5,1 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар мердігер ұйымға 28 қараша 2025 жылға дейін анықталған кемшіліктерді жою және желдету мен кондиционерлеу жүйесінің техникалық жай-күйіне тексеру жүргізутуралы нұсқама берілген.

Басқарманың мәліметінше, аталған тексеру нәтижелері депутат көтерген мәселенің орынды екенін көрсеткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар