Алматыда ағаштарды заңсыз кескен мердігер 2200 түп ағаш отырғызуға міндеттелді

Көркем Алдабергенова 04 қар. 2025 17:59

Алматы қаласының соты құрылыс компаниясы «Alem Qurylys AQ»-ны Бостандық ауданында болашақ емхана аумағындағы заңсыз ағаш кесу фактісінен кейін 2200 түп ағаш отырғызуға міндеттеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл шешім экология басқармасы анықтаған заңбұзушылықтың нәтижесінде қабылданды. Бұған дейін мердігер ағаштарды сақтау жөнінде міндеттеме алған болатын.

Bes.media дерегінше, биыл ақпанда Алматы қаласының құрылыс басқармасы мен «Alem Qurylys AQ» арасында тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана салуға келісім жасалған. Құжаттарда 51 түп ағаш бар екені көрсетілген, олардың арасында жойылып кету қаупі бар сирек түр — емен ағашы да бар.

Алайда сәуір айында ведомство мамандары құрылыс алаңында 43 ағаштың заңсыз кесілгенін анықтаған. Осыдан кейін экология басқармасы сотқа жүгініп, тапсырыс беруші мен мердігерді өтемдік ағаш отырғызуға міндеттеуді сұраған.

Сот отырысында құрылыс басқармасы мен мердігер компания өкілдері ағаш кесу фактісін жоққа шығарып, тексеру актісінде уәкілетті органның мөрі мен жауапкердің қолы жоқ екенін алға тартқан.

Алайда сот инвентаризация мен орман-патологиялық зерттеу материалдары 2024 жылға дейін даулы ағаштардың бар екенін дәлелдейтінін атап өтті. Сонымен қатар, мердігер жер учаскесін қабылдай отырып, жасыл желекті сақтауға міндеттенген.

«Актідегі ағаштар мен бұталардың түрлері мен санының көрсетілмеуі - осы жағдайды қабылдаған тараптың кемшілігі болып табылады. Ал бүгінде даулы жасыл желектердің жоқтығы екі тараппен де мойындалған», – делінген сот шешімінде.

Нәтижесінде сот ағаштардың заңсыз кесілу фактісін ескеріп, «Alem Qurylys AQ» ЖШС-ін өтемдік көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге міндеттеді.

««Alem Qurylys AQ» ЖШС-ін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қоғамдық пайдалану жерлерінде 2200 түп ағаш отырғызуға және оларды үш жыл бойы күтіп-баптауға міндеттеу», – делінген шешімде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар