Мұнайшы жігіт бүркіт баптап, саятшылықты дамытып жүр

Dalanews 24 мам. 2021 14:12 310

Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданындағы Есет ауылында тұратын Ораз Кемелханов бүркіт баптап, аң терісін илейді. Бұл туралы Бейнеу аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ынтымақ Божанов мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Қандауыз қақпан құрып, тазы салуды әкемнен үйрендім. Атадан балаға жалғасқан мирас өнердің тамырына қан жүгіртіп құсбегілікті қолға алғаныма 4 жыл болды.

Алғашқы жылдары қаршыға құсын ұстап, Мереке Өтеғалиұлы тұратын Тұщыбек ауылына арнайы барып, құсбегіліктің ережелерін үйрендім. Құсбегілік – шыдамдылық пен ептілікті талап етеді. Бүркітті баптау, әр қазақ жігітінің қолынан келетін өнер деп білемін, – деді құсбегі Ораз Кемелханов.

Қазіргі уақытта Ораз Кемелханов мұнай саласында жұмыс істейді. Еңбек демалысында «Шерқала» атты қыран құсымен аңшылыққа шығып, олжаланған аң терісін илеу арқылы кәдеге жаратып отыр.

Ораз Кемелханов құсбегілік өнерді болашақ ұрпаққа жалғастыру мақсатында ізбасар дайындауды жоспарлап жүр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x