Бау өсіріп, пайда тап

Dalanews 07 шіл. 2019 17:50 227

Жақында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұйғыр ауданына жасаған жұмыс сапарында аудандағы бақша плантациялары мен жылыжай және сауықтыру кешендерінің жұмысымен танысты. Ұйғыр ауданы жеміс-жидек өсіруге қолайлы аудан. Сонымен қатар аудандағы жер астынан шығып жатқан ыстық сулары –  ауданда демалыс кешендерін ұйымдастырып, демалушыларды тартуға мүкіндік беретіні белгілі.

Амандық Ғаббасұлы ауданға жасаған жұмыс сапарында «Шонжы агро» серіктестігінің бауына ат басын бұрып, шаруалардың жұмысымен танысты. Облыс әкімі бастаған топты күтіп алған шаруашылық иесі Ділмұрат Қайырбеков бүгінде 400 гектар аумаққа сүйекті жеміс ағаштарын егіп, соларды күтіп-баптап отырғанын алға тартты. Шаруа отырғызылған жеміс ағаштарының арасында ерте жазда пісетін және кеш пісетін жеміс ағаштарын араластыра отырғызыпты.

Шаруа биыл 100 гектар жерге жүгері сеуіп, одан мол өнім алуды көздеп отырғанын айтты. Жер емген шаруаның сөзіне құлақ асқанымызда егін егіп, бау-бақша өсіру үшін жалға алған жерінің көлемі 800 гектарға дейін жеткенін білдік.

– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығымен айналысу өте пайдалы. Жер жыртып, егін салған ағайынға мемлекет те қолдау-көмегін аямай көрсетіп келеді. Бау-бақша өсіру ісінде заманауи технологияларды пайдаланған шаруаға Үкімет барынша қолдау көрсетуде. Біздер барлық бауларымызды жаңа технологияларға сүйеніп өсіріп жатырмыз. Заманауи технологияның ең басты пайдасы болашақта мол өнім алуға кепілдік беретінімен ерекшеленеді. Сондықтан шаруаларға қандай дақыл ексе де заманауи технологиялардың жетістіктерін пайдалануға кеңес беремін. Айталық, 1 гектар жерге біздер 667 жеміс ағашын ектік. Заманауи талап бойынша жас көшеттердің арасы 5х3 метр болуы шарт. Алдағы уақытта агротехникалық жұмыстарды барынша сақтайтын болсақ, үш жылдан кейін бір гектардан 20-25 тоннаға дейін жеміс жинайтын боламыз. Бұл басындағы көрсеткіш. Жыл өткен сайын жеміс ағаштарының өнімділігі арта түсетін болады. Қазіргі таңда біздің серіктестікте 45 адам жұмыс істеп, жеміс ағаштарын өсірудің қыр-сырын меңгеріп жатыр, – деп жер емген шаруа облыс әкіміне жұмысының барысы жайында қысқаша әңгімелеп берді.

Бұдан кейін Амандық Ғаббасұлын Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов заманауи технологиялар бойынша салынған «ТОМАТИК» жылыжай кешеніне бастап келді. Аудан әкімі жылыжай толық қуатында жұмыс істеген сәтінде жылына 1 440 тонна томат өндіретін мүмкіндігі бар екенін тілге тиек етті. Іске қосылғанына көп бола қоймаған жылыжай кешені өткен жылы 791 тонна өнім өндірсе, биылғы жинаған өнімі 700 тоннаны құраған. Жиын-терін жұмыстары әлі біраз уақытқа созылатынын ескерсек, алдағы уақытта өнім көлемі мың тоннадан асып жығылатынын байқауға болады. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 50-ден астам еңбек етіп жатқанынан хабардар болдық.

– Алдағы уақытта тағы да 4 өндірістік жылыжайдың жұмысын бастауды жоспарлап отырмыз. Болашақта біздің аудан Алматы облысы мен өзге де аймақтарды сапалы бақша өнімдерімен жыл он екі ай қамтамасыз етуді көздеп отыр. Қазіргі таңда үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс істеудеміз, – деді Ұйғыр ауданының әкімі.

Амандық Баталов жұмыс сапарының аясында Дардамты ауылында орналасқан «Ecopark Tour» сауықтыру кешенінің де жұмысымен танысты. Еуропалық стандарттарға сай тұрғызылған демалыс кешеніне демалушылардың саны күн өткен сайын артуда. Сауықтыру кешенінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған екен.

Облыс басшысы Ұйғыр ауданында қолға алынған істердің оң нәтиже бере бастағанына риза болып, алдағы уақытта да жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеуді аудан басшысына тапсырды. Өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы ауданның экономикалық дамуына оң бағасын берді.

 

Ақжарқын ҮМБЕТЖАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x