Жетісулықтар домбыра тартып, рекордты жаңартты

Dalanews 07 шіл. 2019 17:56 856

Жетісу жерінде қазақ елін күй тербеткен күн болды. Ұлттық брендке айналған домбыра күнін қалың жұрт бар сән-салтанатымен атап өтті.

Қазақ десе домбыра, домбыра десе қазақ, ал күй десе қазақ та, домбыра да еске түседі. Шынымен-ақ, қазақ пен күй деген сөз – бір ұғым. Өйткені, күй қазақтың ішкі жан-дүниесінің, арман-мақсатының, болмысының сыры. Үні. Дауысы. Күй – мыңдаған ұлт, ұлыстардың ішінде тек қазаққа ғана тән өнер, қасиет. Сол қасиетті дәріптеу мақсатында, домбыра күніне орай Талдықорған қаласында «Домбыра – дала даусы» атты күйжарысы өтті.

Аталмыш шараға Қаратал, Ақсу, Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қаласының 70-ке жуық өнерпазы қатысып, бір тәулік бойы қазақ үйде күй шертіп, терме орындап, таң атырды. Әнші-күйшілер бір тәулік бойы 500-ден астам туынды орындаған.Егемендік жолындағы халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын осындай тағылымы мол мәдени шара Жетісу төрінде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алайда, ол мезетте тәулік бойы күй орындауға күш жеткіліксіз болыпты. Осы жолы шара оң нәтижесін беріп, Жетісулықтардың рекордын Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері белгілеп, арнайы сертификаттарын шара ұйымдастырушыларына табыстады.

«Түркияда Айя-Софияда жыл бойы тоқтаусыз құран сүрелері оқылады. Соның аясында бүкіл дүние жүзі құранды естігенде бірден көз алдыларына Таяу Шығысты елестетеді. Ендігі біздің мақсатымыз – домбыраның үнін естігенде әлем халқы кең даламызды, Қазақстанды елестетуі керек, – деді Алматы облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлы.

Шара соңында өнер иелері алғыс хаттармен марапатталды.

 

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар