Алматы облысында ақындар қайырымдылық концертін өткізді

Dalanews 04 мам. 2019 02:41 259

Қасиетінен нәр алған,

Топырағынан жаралған.

Армысың, қайран Жетісу,

Алыптар шыққан ауылдан, – деп домбырасын күмбірлеткен айтыс өнерінің жүйріктері Жетісу төрінде ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен республикалық жоба «Ұлы Дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» атты концерт берді.

Ұлттық өнерді дәріптеу, айтысты аңсаған көрермендерге рухани азық беру мақсатында ұйымдастырылған концерттің шымылдығын Айнұр Тұрсынбаева ашты.

Балғынбек балаң келіп тұр,

Намысты қолдан бермеген.

Жандарбек жарық жұлдыз ғой,

Маңдайда бағы сөнбеген.

Сарадай қызың келіп тұр,

Ел-жұртын жырмен тербеген.

Ай менен Нұрдан жаралған,

Аққуың едім мен деген,

Төртеу боп жүрсе, төрт ақын,

Төрт құбыласы тең деген.

Маңдайға біткен бақ шығар,

Бізде де арман жоқ шығар

Көктемнің күні қауышқан,

Сіздердей текті елменен , – деп жырынан шашу шашты.

Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысова концерттік көрініспен, яғни сыңсу әнімен қыз ұзатса,  «Елордада жүрсемдағы Жетісу, сенсің менің жүректегі Астанам», – деп шыққан Жандарбек Бұлғақов пен Балғынбек Имашев беташар жасап, көрермендерге сәлем салғызды.

Алатаудың бөктерінде, Жетісудың қақ төрінде дүниеге келген қос азаматтың концерт беруі өмірге келген күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Республиканың түкпір-түкпірін араламас бұрын туған жерінен, үлкендерінен бата алуды, концертімізді Талдықорған қаласынан бастауды жөн санадық, –  деді Б.Имашев.

Игі шарадан түсетін  қаржыны ақындар қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарған.

«Мейірім танытпаған мейірімге бөленбейді дегендей, осы кештен түскен қаражатқа баспана сатып алдық. Осы қонысты бес баласымен тіршілік таршылығын татып жүрген Еркін Тәңірбергенов атты азаматтың отбасына табыс еткелі отырмыз», – деген Б.Имашев кілтті салтанатты түрде үй иелеріне табыс етті.

«Осы қуаныш көктен түскен нұрдай әсер етті. Кештің қонағы болыңыз деп билет берген. Үйлі боламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Елім, жерім деген қазақтың ақындарына алғысым шексіз», – деп қуанышын жеткізді жаңа үйдің иесі.

Шара соңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев Талдықорған тұрғындарына концерттік бағдарлама тарту еткен төрт айтыскерге аймақ басшысы Амандық Баталовтың Алғыс хатын табыс етті.

Сондай-ақ белгілі айтыскер Балғынбек Имашевқа Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

Айта кету керек, республикалық тур 22 қаланы қамтитын болады. Ал 1 мамыр күні Алматы қаласындағы «AlmatyArena» мұзайдында айтыскер ақын Балғынбек Имаш өнер жолының 25 жылдығына арналған мерекелік концертін өткізеді.

Балжан Жұманбекова, Алматы облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x