Көпбалалы отбасыларға үй сыйлауда Жетісудың кәсіпкерлері белсенділік танытуда

Dalanews 03 мам. 2019 02:32 1398

Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Бұрын көпбалалы отбасына қуанышпен қараса, бүгінде таңдай қағып таңғаламыз. Оның бәрін қалай асырайды деген көптің көкейінде жүретін сауал. Тағдыр тауқыметін тартып, балаларымен бір бөлмелі баспанаға зар болып жүрген аналар да жетерлік.

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Сол игі іс жасауда Алматы облысының кәсіпкерлері  белсенділік танытуда.

Жалпы, Алматы облысында төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 40 мыңға жуық отбасы бар. Жыл басынан аудан, қала кәсіпкерлері батыр аналарға 30-ға жуық үй алып берген.

 

Алматы облысының Атымтай жомарттары кімдер?

Ақпан айында өңірге танымал «Әлішер» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Сүлейменов Алматы облысы, Талғар ауданының Гүлдала ауылында мұқтаж отбасына баспана сатып алып берді.

Жанболатовтар әулеті бұған дейін ауылдағы монша үшін салынған ғимаратты паналап келген екен. Осы баспана үшін олар ай сайын 17 мың теңге төлеп отырған.

Жас көпбалалы отбасы Қуаныш пен Мақпал Жанболатов Ұйғыр ауданының тумасы, екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Қуаныш – балалар үйінің тәрбиеленушісі, сондай-ақ жарақат алған соң, оның бір көзі көрмей қалған. Бірақ қиындықтарға қарамастан, ол үйіне жақын орналасқан базарда әртүрлі жұмыс істейді.

Ал Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылының тұрғыны Жұмағыз Медетоваға әлі салынып бітпеген  цемент зауытының басшысы төрт бөлмелі үйді ұсынды.

Жұмағыз Медетова үш қызымен пәтерден-пәтерге көшіп, туыстарын жағалап жүргеніне 5 жылдан асыпты.

Қоғалы ауылының азаматы, мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат Бекиев алты баланың анасы Айгүл Ешпаеваға үй сыйлап, қуанышқа кенелтсе, Талдыбұлақ  ауылының азаматы Кален Тұрсынбаев алты баламен үйсіз жүрген Надежда Лемешкоға осы ауылдан жайлы баспана алып берді.

Сонымен қатар Қаспан ауылының кәсіпкерлері Сламбай Тоқабаев және  Виталий Тарасенко 11 баланың анасы Гүлназ Шакенова мен әлеуметтік жағдайы төмен 3 балалы отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті.

 

Рухы өр, жүрегі жомарт халықпыз

Жалпы, Кербұлақ ауданында 2100-ден астам көпбалалы отбасы тіркелген. Үй кезегінде тұрған аналар саны 100-ге жуық.

Қаншама жылдар бойы баспанасыз жүрген Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылының тұрғыны Алмагүл Құдияроваға «Қарекет» қайырымдылық қорының демеушілері баспана алып берді. Алмагүлдің осыдан үш ай бұрын жолдасы қайтыс болған, қазір өзі бес баланы асырап отыр.

«Қарекет» қайырымдылық қорының жұмыс істеп жатқанына 1 жылдан аса уақыт болған. Осы уақыт аралығында қаншама үйсіз жүрген жанұяларға баспана алып беріп, сауапты іс жасап келеді.

Алмагүл Құдиярова аталған қор арқылы тегін баспанаға қол жеткізген 55-інші адам. Аталмыш қор 2018 жылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60 адамның баспаналы болуына себепші болған.

Біз рухы өр, жүрегі жомарт халықпыз. Оған дәлел – осындай аузын ашса жүрегі көрінетін азаматтар.

Жалғызбасты әке Николай Одуденконың қуанышында да шек жоқ. Себебі 3 баласын жалғыз өзі бағып-қағып отырған әкеге Алакөл ауданының  әкімі Әлібек Жақанбаев Бескөл ауылынан 2 бөлмелі пәтер берді.

Осы Бескөл ауылдық округінің «Загатзерно» ауылында тұратын көпбалалы тағы бір отбасының да жағдайы мәз емес еді. Александра Мельникованың 10 баласы бар. Ол – жалғызбасты ана. Бескөлдегі балық зауытында жұмыс істейді. Бар тапқан-таянғанын балаларының аузына тосатын Александраның баспана алуға шамасы жоқ еді. Аудан әкімдігіне жазған өтініші қаралып, жақында бұл әулетке де 2 бөлмелі пәтер берілді.

Қалалық қайырымдылық акцияларының қатысушысы, мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік шаралардың ұйымдастырушысы «Статус» ойын-сауық кешенінің директоры Асқар Біләлов та құр қол отырмай, Талдықорған қаласының тұрғыны, сегіз баланың анасы Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтер сыйлады. Көпбалалы ана бұған дейін саяжайда жалдамалы үйде тұрып келген.

Сондай-ақ Екпінді ауылдық округінде орналасқан «Майқынов Е» ШҚ басшысы Майқынов Ермек Серікбайұлы «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Қарақат Мұхамеджанқызына 7 бөлмелі үйді сыйға тартты.

Қабанбай ауылының тұрғындары, әлеуметтік жағдайы төмен Зоя Старченко мен көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Светлана Ақшолақова да дәл осындай қуанышқа кенелді.

Бұл қуаныштың дәнекері болып отырған азаматтардың бірі – облыстық мәслихаттың депутаты, «Қабанбай жолаушы» ЖШС-нің басшысы Қанат Қожабеков болса, екіншісі – Алакөл ауданының имамдары мен аудан жамағаты.

Сонымен бірге «Достық тазарту» ЖШС-нің директоры Шалқар Жақсыбаев Қызылащы ауылының тұрғындары ІІ және ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі Ерлан Есімбеков пен Самал Оразбековаға осы ауылдан жайлы 4 бөлмелі баспана алып берді.

Алакөл ауданында жыл басынан 1384 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар келген. Олардың 165-і – үй кезегінде тұрғандар.

 

Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері жарап тұр

Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Мейрамгүл Байсейітоваға осы ауылдың шаруа қожалық басшылары 4 бөлмелі үйді сыйға тартты. «Осы күнге дейін 7 баламен жалдамалы пәтерде тұрдым. Екі балам студент. 5 балам мектепте оқиды. Жалғыз өзім қолымнан келгенінше тырмысып, балаларымды жеткізіп келемін. Енді өзіміздің үйіміз бар. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Қожалық басшылығына алғысым шексіз», – деді көпбалалы ана көзіне жас алып.

Сонымен қатар «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің бас директоры Халық Оңғарұлы да жалғыз басты анаға тосынсый жасады. Ол Сембай Гүлсанат есімді жалғыз басты анаға үш бөлмелі үй сатып алып берді.

Қоғалы ауылдық округінің «Ақмарал» жеке шаруа қожалығының басшысы Болат Бұраханов өз атынан жомарттық танытып, көпбалалы ана Айнұр Қыстаубаеваға 4 бөлмелі үй сыйлады.

Кербұлақ ауданы, Көксу ауылының тұрғыны, алты бірдей баланың анасы Меруерт Доланбекованың отбасы да бақытқа кенелді. «Абыхан» жеке шаруа қожалығының басшысы Серік Абыханов 4 бөлмелі үйді өзі сатып алып, анаға сыйға тартты.

«Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген бар. Текті жұрттың бар тілегі – ұрпағының амандығы. Кәсіпкерлердің игі істері де осы ұстанымда.

Текелі қаласында 415 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 170-і пәтерге, тұрмыстық жағдайларына байланысты мұқтаждықта. Жалпы, 55 көпбалалы отбасы ресми кезекте тұр.

Тіпті арнайы жәрдем беру қоры құрылған. Қорға қаражат жиналып жатыр. Соның ішінде «АСПМК-519» ЖШС өзінің ерекше ықыласын танытып, бір отбасын қуантып отыр.

«АСПМК-519» ЖШС ұжымы қайырымдылық көмек ретінде жалғызбасты көпбалалы ана Назгүл Кужикееваға 3,5 млн теңгеге 4 бөлмелі үй сатып алып берді. Мекеме басшысының орынбасары Константин Вологодский ұжымындағы азаматтармен бірлесіп, салтанатты түрде үй құжаттарын да ендігі иесіне тапсырды. Бұған дейін 7 баланың анасы жалдамалы үйде тұрып келген.

Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданындағы «БиК service» серіктестігінің директоры, кәсіпкер Қуат Сұлтанғазиев Масақ ауылында тұратын  Қарақойшиев әулетіне үй сыйлаған.

Айта кетейік, Алматы облысында әлеуметтік карта жасалып, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды қолдауға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сәйкесінше, осы бағдарлама бойынша жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың шығынын жабуға жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қаралған. Көпбалалы аналарға қала автобустарымен тегін қатынау 1 сәуірден басталған болатын. Одан бөлек, олардың балаларына жазғы лагерьлерге жолдама беру көзделіп отыр. Ыстық тамақпен, мектеп формасымен қамту мәселесі де басты назарда.

Бұдан бөлек, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 тұрғын үй салатын аумақ анықталып, оған 2025 жылға дейін 4 млн шаршы метр үй салу міндеті қойылды. Соның нәтижесінде аймақтағы 104 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Мұқтаж адамдардың баспаналы болуы үшін атқарушы билік алғашқы жарнаны төмендету мақсатында тұрғын үй сертификатын беріп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.

Қайырымдылық жасауға асыққан жандар қатары артуда. Олай болса ел ішінде қолы ашық, мәрттіктің биігіне шыққан адамдар көп болсын дегіміз келеді.

 

 

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар