Ауданның бетке ұстар шаруашылығы

Dalanews 24 сәу. 2019 05:47 261

Жерінің түгін тартсаң майы шығатын Райымбек ауданында бұл күнде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Ауыл еңбеккерлері ісінің ілгері басуына мемлекеттік деңгейде қабылдаған бағдарламалар септігін тигізіп келеді. Жақында Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров Сарыжаз ауылына атбасын бұрып, Расылбай шаруа қожалығының жұмысымен танысып қайтты.

Әкім арнайы келген Расылбай шаруа қожалығы Райымбек ауданындағы жетекші шаруа қожалықтарының бірі. Бүгінде шаруашылықтың қорасында асылтұқымды ірі қаралар өсірілуде.

2016 жылдың наурыз айынан бастап өз жұмысын бастаған қожалық «Сыбаға» бағдарламасы аясында Ресейдің Алтай аймағынан герефорд тұқымды ірі қараның 235 аналық басын алып келген болатын. Бүгінде асылтұқымды ірі қараның бәрі Нарынқол жеріне толықтай жерсініп, өнімдерін беріп жатыр. О баста асылтұқымды ірі қараларды әкелу үшін шаруашылық 73 млн теңге шығындаған болатын.

Биыл шаруашылық басшысы тағы да 470 бас герефорд тұқымды малын алып, асылтұқымды мал басын мыңға жеткізуді көздеп отыр. Аудан әкімі Жолан Омаровқа шаруашылықтың жұмысы жайында Ғалым Расылбай мырза ойға алған істерінің бәрі рет-ретімен іске асып жатқанын әңгімелеп берді.

– Жалпы, мемлекеттің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алған 73 млн теңгенің 12 млн теңгесін техника алуға жұмсадық. Атап айтсақ, ИРТ-165 шөп турайтын құрылғы мен нөлдік технология және МТЗ-892 тракторын алдық. Қазіргі таңда 250 гектар жерге «Раундап ЭКСТРА» гербицидін сеуіп, арам шөптері өлгеннен кейін 100 гектарына – эспарцет, 100 гектарына – бидайшөп және 50 гектарына арпа себуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, ірі қараның қыстай жеп шығатын жемшөбін өзіміз дайындауға кірістік, – деді қожалық төрағасы. Өз кезегінде шаруа Ресей мемлекеті Алтай аймағынан әкелінген герефорд тұқымды аналық бас ірі қараға қолдан ұрықтандырып, аудандағы асылтұқымды мал санын көбейтуге де бел буып, білек сыбана кіріскендерін айтты.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x