Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Мейрамгүл Бәйсеитоваға, осы ауылда орналасқан "Сарыбұлақ" шаруа қожалығының басшылары 4 бөлмелі үйді сатып әперген.
– Осы күнгедейін 7 баламен баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрдым. Екі балам оқу оқиды, 5 балам мектепте. Жалғыз өзімнің қолымнан келгенінше тырмысып, балаларымды жеткізіп келемін. Ендігі өзіміздің үйіміз бар. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Қожалық басшылығына алғысым шексіз, – дейді көпбаланы батыр ана көзіне жас алып.
Сонымен қатар, Алтынемел ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің бас директоры Халық Оңғарұлы, Сембай Гүлсанат есімді жалғызбасты ананы үш бөлмелі кең үйге кіргізді.
– 6 жылдан астам уақыт жалдамалы пәтерде тұрдым. Кіші балам енді ғана 3-ке толды, екі балам мектепте оқиды. Туған-туыстың және осындай зиялы азаматтардың арқасында күнімізді көріп жүрміз, – деді жас ана.
Айта кету керек, ауданда наурыз айында бастау алған қайырымды шара осымен 8 бірдей отбасыны баспаналы қылды. Бұл шара әлі де жалғасын таба бермек дейді аудан белсенділері.