Серікжан Бескемпіров: «Шаруаларға қолдау көрсетіле береді»

Dalanews 06 сәу. 2019 04:01 260

Күннің көзі жылынып, қалың қардың көбесі сөгілгелі бері Алматы облысының диқандары жер жыртып, дән себу жұмыстарына дайындала бастады. Таяуда бұл бағыттағы жұмыстардың қалай жүріп жатқанын білу мақсатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров жұмыс сапарымен Ескелді ауданына барып, шаруалардың көктемгі науқанға қаншалықты дайын екенін өз көзімен көріп қайтты.

Серікжан Бескемпіров жұмыс сапары барысында Шымыр ауылында орналасқан «НАМ» шаруа қожалығында болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысты.

Бұл Ескелді ауданындағы ірі  шаруашылық екені белгілі. Өткен жылы шаруашылық басшылары ауыл шаруашылығы жұмыстарының өнімділігін арттыру мақсатында Еуропаның техникаларын алдырған болатын. Шаруашылық басшысы Герман Нам әкім орынбасарымен кездесуінде 100 гектар жерге жүгері өсіріп отырғанын алға тартты.

– Қазіргі таңда біздер Үкімет пен облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылғы еңбеккерлеріне қолдауын айтарлықтай сезініп отырмыз. Мемлекеттің қолдауының арқасында өткен жылы күзде Германияда құрастырылатын «CLAAS» тракторын алу мүмкіндігіне ие болдық. Құны 60 мың доллар тұратын бұл техниканы мемлекеттің қолдауының арқасында қол жеткіздік. Бұдан басқа Финляндияда шығарылатын «HORSCH – Tiger» кешенді тіркемесін алдық. Алдағы уақытта бұл техникалар жұмыстың өнімділігін арттырып, табысты жұмыс істеуімізге септесетініне сенімдімін. Жаңа техникаларды өзге шаруалардың егіс жұмыстарына да пайдалануды көздеп отырмыз. Бұл – техникалар өзгелерге қарағанда жанармайды аз тұтынады, – деп жер емген шаруа сатып алған су жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының мүмкіндігі жайында Серікжан Бескемпіровке әңгімелеп берді.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары шаруалар биыл көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай аяқтауы үшін 21 мың тонна жеңілдетілген жанармай бөлінгенін айтып, қарапайым еңбеккерлерді қуантып тастады.

Бүгінде Алматы облысына қарасты барлық аудандарға жанармай жеткізілген. Сонымен қатар шаруаларға қажетті тұқым қоры да жеткілікті екенін әкімнің орынбасары тілге тиек етті. Бұл бағыттағы жұмыстарды шашау шығармай атқару ісі «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүктеліпті.

Серікжан Бескемпіров ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісіне қатысты да өз ойын ортаға салды.

– Бүгін біз «НАМ» шаруа қожалығының заманауи ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізген қуанышына кәу болып отырмыз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Шаруаның техника сатып алуға жұмсалған қаржысының бір бөлігі жергілікті бюджет есебінен субсидияланатын болады. Біздер облыс аумағындағы шаруалардың жаңа ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында соңғы үш жылда 6 млрд теңге жұмсадық. Ал жер емген шаруаларды қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге жыл сайын 30 млрд теңге қаржы жұмсап келеміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, шаруаларға қамқорлық көрсетіле береді, – деп әкім орынбасары ойын ортаға салды.

Алматы облысының ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін дамытуға «ҚазАгроҚаржы» АҚ 21,4 млрд теңге инвестиция салғанын айта кетуіміз керек. «ҚазАгроҚаржы» облыс аумағында 18 жылдық қызметінде фермерлерге 2518 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын табыстап, 868 астам шаруа қожалығын қаржыландырған.

Соңғы 3 жыл ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның филиал жыл сайын 2 млрд теңге деңгейінде қаржыландыру бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен.  Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауының арқасында Алматы облысында ет бағытындағы жалпы саны 7 350 бас ірі қара малы бар 6 асылтұқымды репродуктор шаруашылығы құрылғанын да атап өткен жөн.

Бұлар аймақта алғашқылардың бірі болып 5 134 бас элиталы «Ангус» тұқымының  және 2 214 бас «Герефорд» тұқымының асылтұқымды ірі қара малдарын сатып алған «Архарлы Майбүйрек» ЖШС, «Нағашыбек» ШҚ, «Бимұратов А.Е.» ШҚ, «Алатау Дейри» ЖШС, «Алтын Арпа» ШҚ сияқты шаруашылықтарды атауға болады.

Өткен жылы Жетісудың фермерлері арасында «Сенімді фермер» және «Өз жем-шөбіміз» деп аталатын жаңа қаржыландыру жобалары іске асып, облыстағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпіліс берген-ді.

Бір ғана «Сенімді фермер» бағдарламасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ фермерлерге жиынтық құны 105, 8 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке табыс еткен болатын. Ал «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы бойынша отандық аграршылар 84,4 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын ендігі лизингке алды.

«Сенімді фермер» бағдарламасы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке аванстық төлем төлемей алу мүмкіндігін береді. Бұл бағдарламаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолданыстағы клиенттерімен қатар, бұрын қаржыландырылған клиенттері де пайдалана алады. Клиенттерге қойылатын жалғыз ғана талап – бұл адал ниетті қарыз алушы өлшем шарттарына сәйкес келу.

«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы бойынша отандық жем-шөп өндірісін дамытуды қаржыландыру жүзеге асырылады. Жаңа бағдарламаның шеңберінде қазақстандық фермерлер қажетті ауыл шаруашылығы техникасын 10 жылға дейінгі мерзіммен, мөлшері 10% құрайтын төмендетілген аванстық төлеммен сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x