Жол кеңейіп, қатынас жақсарады

Dalanews 12 сәу. 2019 04:12 847

Өткен жылдың соңында «Қала мен Дала» газетінде Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сәтбаев мырзамен сұхбат жарық көрген еді. Сол кезде аудан әкімі алдағы уақытта Алматы мен Талғардың арасын жалғап жатқан күре жолды кеңейтіп, жөндеуге күш салатынын айтқан болатын. Биыл әкім сол уәдесінде тұрып, үлкен іске білек сыбана кірісуде.   

Рыскелді Ахметқалиұлы өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында маңызды жаңалықтарын халыққа ұдайы жеткізіп отыратын әкім. Таяуда ол «Алматы – Талғар» тасжолының бойында құрылыс жұмыстары басталды депті.

– Қазіргі таңда жол жөндеу ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. Биыл Алматы облыстық жол басқармасына біздің тарапымыздан аудан бойынша жол жөндеу жұмыстарына 2 млрд 154 млн теңгеге өтінім бергенбіз. Бүгінгі күнге дейін соның 546 млн теңгесі бөлінді. Бұл қаражатқа көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Жөндеу жұмыстары мамыр айынан басталады. Сонымен қатар «Алматы – Талғар» трассасын кеңейту мәселесі де әрдайым бақылауда. Жобасы дайын, экспертизадан өткен. Енді қаржының бөлінуін күтудеміз, – деп жазыпты әкім.

«Алматы – Талғар» трассасының бойында ірі жеті ауылдық округ орналасқаны белгілі. Ондағы жұрттың басым бөлігі Алматыға қатынап жұмыс істейтінін ескерсек, таңертең екі арада көлік кептелісі пайда болып, таяқ тасам жерде тұрған қалаға жету мұңға айналады.

Бұдан басқа, жолдың екі қапталына орналасқан ауылдарды мекендейтін жұрттың жолды кесіп өтуі де біраз қиыншылық тудырып отырғаны жасырын емес. Рыскелді Ахметқалиұлы газетімізге берген сұхбатында осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Алматы – Талғар» тасжолын кеңейтіп, қарапайым халықтың ары-бері өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы өткелдер салудың маңыздылығы жайында айтқан еді.

Биыл «Алматы – Талғар» трассасын кеңейту ісі қолға алынбақшы. Бір тәулікте 40 мыңнан астам көлік ары-бері жүйткитін екі жолақты шағын жол алдағы уақытта кеңейіп, автобанға айналады. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған жолда жүретін көліктердің саны осы уақыт аралығында жүз есеге өскенін ескерсек, Талғар ауданы әкімі Рыскелді Ахметқалиұлының бұл мәселені жедел түрде қолға алып, іске кіріскенін құптауға болады.

Нұрлан ӘУБӘКІР

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар