Ұстаз – келер күннің ұстасы

Dalanews 08 қаз. 2018 06:31 415

Бүгін Отырар ауданында Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара болып оған аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, ұстаздарға құрмет көрсетті. Мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтаған аудан басшысы ұстаздардың мәртебесін көтеру және педагог қызметкерлерінің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыру жұмыстарының маңыздылығын алға тартты.

Ұстаздық барлық мамандықтың ұлы бастамасы. Қандай маман болмасын ең алдымен ұстаздан білім алады. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев айтқандай, қай заманда болмасын ұстазды ерекше құрметтеген. Ерлан Айтаханов өз сөзінде:

– Құрметті ұстаздар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке –Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет екенін тілге тиек етіп, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастыру керектігін баса айтқан болатын. Ұстаз – келер күннің ұстасы. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, жаңаша ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір мұғалім жадында сақтауы тиіс. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін, мен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін, – деді.

Мұнан соң аудан басшысы жақында ғана облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен «Жақсылар, дастан айтайын... » атты жас жыршылар байқауына екі бірдей шәкіртін үкілеп қосып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Айнұр Әлшерге шынайы ризашлығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Марапаттау барысында аудан әкімі өз еңбегінің жемісін көріп, автокөлік иесі атанған Айнұрдың бұл жеңісі басқа ұстаздардың да жұмысқа деген ынтасын оятып, жігерлендіретінін айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жиында білім саласының үздіктері Түркістан облысы әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен», Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов пен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасым Егемберді сөз алып, заманына сай білімді ұрпақтың болашағын қалыптастырушы маман иелері ұлағатты ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, облыстық мәслихат пен кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталары мен төсбелгілерін табыстаса, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков ұлағатты жандарға ақжарма тілегін жеткізді.

Одан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның өнерлі жас оқушылары ұстаздарға арналған әндерді нақышына келтіре орындаса, бишілер өздерінің балауса тәтті қылықтарымен көптің көңілін жаулады. Кеште айтылған ақжарма тілектер мен жүрек тебірентер әсем әндер мұғалімдерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, ерекше әсерге бөледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x