Әбдібақыт Мақұлбаев: «Кентау халқы арасында өзара құрмет пен сыйластық дәстүр қалыптасқан»

Dalanews 17 қаз. 2018 05:31 239

Биыл Кентау қаласының құрылғанына 63 жыл толып отыр. «Қаратау тәжі» атанған көрікті қаланың мерекесін кентаулықтар жоғары деңгейде атап өтті. Іс-шараға ҚР Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата мен облыстық мәслихат депутаты Зұлпархан Чалданов және әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров арнайы қонақ болып қатысты.

Орталық Ынтымақ алаңынан басталған жиында қала тұрғындары мен қонақтары қалада өндірілетін өнімдер көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, киіз үйлерде өткен ұлттық салт-дәстүрлерге арналған шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды көрді. Сурет салу байқауында көркем сурет мектебінің оқушылары қаланың көрікті жерлерін бейнеледі.

Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев пен ҚР Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата қала күніне орай Ясауи даңғылындағы ғимараттар мекетінің бейнесі кескінделіп жасалған тортты кесіп, дәм татты. Мұнан соң, дәмді торт қала тұрғындарына таратылды.

Ал, Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының тұғырында өткен «Келешегі кемел – Кентау» атты салтанатты жиында сөз алған қала басшысы көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Кентау – халқының жүрегі кең. Мұнда бірлік, өзара құрмет пен сыйластық дәстүрге айналған. Оның айғағы – қала тұрғындарының бүгінгі жарасымды тыныс-тіршілігі және ортақ шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп, өздерінің парасат-парқының жоғарылығын көрсетуі. Бұл - кентаулықтардың бұрыннан қалыптасқан аса құнды байлығы, бойтұмары дер едім. Қала басшысы ретінде осындай өркениетке жол салған аға буын өкілдеріне, олардың ізін жалғастырушы бүгінгі ұрпаққа айтар алғысым шексіз, –деді.

Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына қосқан елеулі үлесі және еңбектегі жоғары жетістіктері үшін бірқатар қала жанашырлары «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағын алды. Сонымен қатар, қалтқысыз қызметімен қала дамуына еңбек сіңірген жандардың суреттері қаланың құрмет тақтасына ілінетін болды.

Іс-шарада қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев мерекелік лебізін білдірді. Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата да құттықтауын жолдады.

Мерекелік іс-шараны актриса Жұлдызай Дүйсенбиева мен қаламыздың жас өнерпазы Бақыт Мыңбай жүргізді. Әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров әсем әндер орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қала өнерпаздары да Кентау қаласы жайлы әндер шырқады.

Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата Кентау трансформатор зауытында, қалалық мұражайда болды. Сондай-ақ, жапон жауынгерлеріне  арналған ескерткішке гүл қою рәсіміне қатысты.

Қала тұрғындары мен қонақтары кешкісін Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен «Кентауым – гүл бағым» атты мерекелік гала концерт пен от шашуды тамашалады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x