«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Түркістанға келді

Dalanews 23 қыр. 2018 13:28 170

Бүгін Түркістан қаласына «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы келіп жетті. Бұл экспедиция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылғы 17 қыркүйек күні Бурабайдағы Абылай хан алаңынан бастау алған.

Үш көлікпен сапарға шыққан 10 азамат 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен мыңдаған шақырым жол жүріп, қазақ даласының тарихын зерттеген. Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында жоба жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы бұл іс-шараның мақсаты туралы кеңінен айтып берді.

– «Абылайханның қара жолы» жобасының ата-бабалар тарихын жаңғыртудағы маңызы зор. Біздің тобымызда тарихшы, географ, өлкетанушы ғалымдар мен тілшілер және зиялы қауым өкілдері бар. Олар жол бойындағы ауылдарға соғып, аңыз-әңгімелер жинап, сапар барысында кездескен тарихи орындарды белгілеп, қағазға түсірді. Сапар қорытындысы бойынша ғылыми мақалалар жарық көреді. Экспедиция бүгін Абылай хан мәңгі қоныс тепкен ұлы шаһар –Түркістанға келіп отыр. Түркістан облысы құрылып, шежірелі қаланың жаңа дәуірі басталып жатыр екен. Сіздерді осы қуанышты оқиғамен құттықтаймын. Түркістанның қазақ тарихында орны ерекше, – деді экспедиция жетекшісі.

Жиында экспедицияның өзге қатысушылары да тарих, өлкетану жөнінде келелі ойларын айтып, Түркістан қаласының болашағы жарқын болатынына сенімдерін білдірді. Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы Гаухар Пірімбетова Абылай ханның қара жолы солтүстік пен оңтүстікті байланыстырған ең төте жол болғандығын жеткізді.

– Хан оны саяси және экономикалық мүддеде пайдаланған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», тағы басқа мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болады, –деп атап көрсетті ол.

Экспедицияда аясында топографиялық карта дайындалмақ. Ал, сапардан соң Көкшетауда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x