2020 жылға дейін 84 елді мекен ауызсумен қамтылады

Dalanews 15 мау. 2018 03:14 231

2020 жылға дейін орталықтандырылған ауызсумен қала тұрғындары – 97 пайызға, ауылдық елді мекендер 62 пайызға қамтылуы керек. Сонда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасында елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу және су бұру жүйелерімен қамтудың нақты көрсеткіштерін толығымен орындаған боламыз. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев селекторлық жиында мәлімдеді.

Аймақ басшысы жалпы өңірде орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған 200-ден астам ауыл бар екенін айта келе, жиында баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайымға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Бүгінде облыс халқының 12 пайызы, яғни шамамен 200 мыңға тарта тұрғыны орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруміз керек. Бағдарлама талаптарына сәйкес, елді мекендерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, бірінші кезекте жерасты су қорларына геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстардың қорытындысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Басқарма басшысы осы бағытта, 2016-2018 жылдары халық санының басымдығына қарай 117 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттары әзірленгенін жеткізді. Облыстың даму жоспарына сәйкес, алдағы үш жылда 84 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. 2018 жылы ауызсу саласына 11,0 млрд теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 20 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, 56 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпекші. Сонымен қатар басқарма басшысы жыл соңына дейін 13 елді мекен ауызсу жүйелерімен қамтылса, екі елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, екі мөлтек ауданда және төрт суағарлар құрылысы аяқталатынын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқарма басшысына өзге аймақтармен салыстырғанда халқты ауызсумен қамту деңгейі қандай екенін анықтауды және аталған салаға автоматтандыру жүйесін енгізуді тапсырды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x