Жансейіт Түймебаев: «Бұл – Елбасының стратегиялық маңызды шешімі»

Dalanews 11 мау. 2018 03:10 722

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы Жарлығына орай өңірде жаңа аудандардың құрылуына байланысты Сарыағаш ауданына барды. Жаңадан құрылған Келес ауданының орталығы Абай ауылындағы орталық стадионда өткен салтанатты шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тарихи жиында алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы ауданның бөлінудегі маңызына тоқталып, жергілікті жұртқа құттықтауын жеткізді.

– Бүгін біз өздеріңізбен аса бір үлкен тарихи оқиғаның куәгері болудамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халық тілегін орындап, еліміздегі ең үлкен ауданды екіге бөліп берді. Кезінде Келес ауданының даңқы мақта өндіру саласындағы жетістіктерімен бүкіл кеңестер одағына дүрілдеп танылды. Осы салада бұл өңірден көптеген Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Бұл аудан Өзбекстанның 5 ауданымен шекараласады. Халқының саны 350 мыңнан асты, яғни кейбір солтүстік облыстардың халқының санына шамалап қалды. Елбасымыздың үлкен стратегиялық маңызы бар шешімімен қайта қалпына келтіріліп жатқан Келес деп аталатын аудан барлығымызға құтты болсын, – деді облыс әкімі.

Айта кететіні, енді жаңа құрылым бойынша Сарыағаш ауданының аумағы аумағы – 417074 гектарды, халқынының саны – 191 096-і құрайды. Құрамында 14 ауылдық округ пен 71 елді мекен болмақ. Орталығы – Сарыағаш қаласы. Ал Келес ауданының аумағы 345 127 гектарды құраса, халқының саны – 135 819. Ауданда 12 ауылдық округ пен 83 елді мекен қарамағында болады. Орталығы – Абай ауылы.

Сондай-ақ, салтанатты шарада аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев аудан үшін тер төгіп, еңбек еткен азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Облыс әкімінің грамотасымен және алғыс хатымен марапаттады.

Айтулы тарихи күнде отандық эстрада жұлдыздарының концерті ұйымдастырып, жергілікті жұртқа мерекелік тарту жасалды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар