Негізгі капиталға салынған инвестиция 93 млрд. теңгеден асты

Dalanews 27 шіл. 2018 08:42 230

Түркістан облысында ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының есебі бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93 млрд. 572 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға артты.

Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді.

Айта кететіні, инвестиция салымдарының басым бөлігі – өнеркәсіп саласына (40,2%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (19,7%) және білім беру саласына (10%) тиесілі.

– Негізгі инвестициялық салымдардың 83,5 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған. Оның көлемі – 78 098 млн. теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 15 пайызға өсіп отыр. Бұдан өзге, статистикалык тіркелімнің мәліметтері бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарында Түркістан облысында 13 805 заңды тұлға тіркелген. Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалар көрсеткішінде облыстың үлесі 3,2 пайызды құрайды, – деді Айдар Ахметбекұлы.

Түркістан облысында заңды тұлғалардың жиі тіркелетін қызмет түрі – ауыл, орман және балық шаруашылығында (29,4%). Екінші орын алатын қызмет және  білім беру cаласында (17,4%), ал үшіншісі сауда cаласындағы тіркелген заңды тұлғалар (13,5%).

Сонымен қатар, бөлшек сауданың көлемі 2018 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша, 66 млрд. 213 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға артқан. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде азық-түлік тауарларының үлесі – 24 пайыз, азық-түлік емес тауарлары – 76 пайыз. Көтерме сауданың көлемі – 31 млрд. 320 млн. теңгеге жетіп, тауар айналымының 53,5 пайызын азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық өнімдер құраған.



 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x