Түркістан облысы «Үздік оқырманын» анықтамақ

Dalanews 26 шіл. 2018 08:39 898

Түркістан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орындалуы аясында «Лидер Reader ON»  кешенді іс-шарасы қолға алынды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жобалық кеңсе жетекшісі Бақытжан Әшірбеков мәлім етті. Мектеп кітапханаларының арасында қолға алынған жаңа жоба еліміздің басқа аймақтарында жүзеге асырылмаған. Лидер Reader ON» – деген сөз «Үздік оқырман» деген мағына береді.

«Лидер Reader ON» кешенді іс-шарасының ережесі бойынша облыс мектептерінің бәрінде айдың, тоқсанның, жылдың 13 үздік оқырманы анықталып, марапатталып отырылады. Сондықтан, бұл іс-шараға облыстағы 1 мыңнан астам мектептің 13 мыңнан көп оқушысы жүйелі түрде қатысып, кітап оқу бойынша жарысқа түсетін болады. Бұл өз кезегінде олардың  кітаптар оқып, рухани қазынамен сусындап, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына игі ықпалын тигізеді.

Әр жанр бойынша үздік оқушылар Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде дауыс жинау арқылы анықталып, әр айдың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бақытжан Айдарханұлының айтуынша, үздік оқырман оқушылар анықталған жағдайда олардың ата-аналары да назардан тыс қалмайды. Оларға ынталандыру сый-сияпаттары жасалып, баланың рухани бай болып, дамуына ата-аналардың да қызығушылығын ояту жайы қаралған.

Сонымен бірге, баспасөз жиынында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  аясында  биыл философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика салалары бойынша ЖОО студенттеріне арналған 18 оқулық аударылғаны хабарланды. Бұл оқу құралдары жоспарға сай, қазақ тіліне аударылып, ЖОО-на тегін жеткізілген. Жаңа оқулықтар 2018-2019  оқу  жылынан  бастап  жоғары  білім  беру жүйесіне  енеді екен. Қазіргі уақытта келесі 30 кітаптың аударма жұмысы жалғасып жатса керек.

– Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Сатылымда жоқ. Алғашқы 18 оқулық 10 мың дана болып басылып, 110 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Оның ішінде, Түркістан облысына 16000 дана кітап берілген. Қазір оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған әдістеме дайындап жатыр. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасына жүктелді. Көпшілік осы жерден оқи алады. Сондай-ақ әр кітап негізінде жеке-жеке 20 минуттық видеолекциялар топтамасы түсіріліп жатыр, – деді Б.Әшірбеков.

Осы ретте, спикер жуырда облыстық  жобалық кеңсесі және М.Әуезов  атындағы  ОҚМУ-нің ұйымдастыруымен аударылған 18 оқулықты таныстыру шарасы өткенін де хабарлап өтті. Басқосу барысында ғалым, оқытушылар оқулықтарға қатысты өз пікірлерін білдіріп, аталмыш еңбектерді дәріс беруде қолдану жайын да кеңескен.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар