Биыл Отырардың 54 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылады

Dalanews 16 шіл. 2018 05:08 367

Биыл Отырар ауданындағы 22 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Нәтижесінде 2 мың отбасы, яғни аудан халқының шамамен 80 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады.

Келесі жылы тағы 7 ауыл от жағып, күл шығарудан арылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға жасаған сапары кезінде мәлімдеді.

Аудан тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы газдандыру мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап өтті.

– Бүгінге дейін Отырар ауданында табиғи газ болмаған. Міне, осы мәселені шешу үшін тиісті шаралар атқарылуда. Биыл Шәуілдір және Темір ауылдарында құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Мұнан бөлек Ш.Қалдаяқов, Ескі Шілік, Жаңа Шілік және Ақтөбе елді мекендерін газдандыру жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталғалы тұр. Жалпы айтқанда көп ұзатпай ауданды толық газбен қамтуды ойлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда Сырдарияның сол жағалауындағы 12 елді мекенді газдандыруға жобалық сметалық құжатын дайындау үшін сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалып, облыстық бюджетке ұсынылған.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Шілік елді мекеніндегі «Нұр Шілік» ауыл шаруашылық кооперативінің жұмысымен танысты. Сүт өңдеу ісін жолға қойған кәсіпорын «Ырыс» микро қаржы ұйымынан 22 млн. теңге қаржы алған. Қожалық күніне 500 литр сүт өнімдерін дайындауға қауқарлы. Бүгінде копператив меншігінде 300 бас ірі қара, 2256 бас уақ мал, 217 бас түйе, 9 бас жылқысы бар.



Айта кетейік, аудан шаруалары өткен жылы 58 бірлік, 2018 жылы 36 бірлік жаңа ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған. Нәтижесінде өнім көлемі мен сапасы артып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2017 жылы ет өнімі 102,5 пайызды құрап, 9.2 мың тоннаға, сүт 103.5 пайызға артып, 21.6 мың тоннаға жеткен.

Сонымен қатар облыс әкімі ауданға жасаған жұмыс сапары барысында 140 орындықты «Алпамыс» бөбекжай балабақшасы мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған 100 орындық «Біләл ата» бөбекжай және заманауи үлгіде бой көтерген мәдениет ошағын салтанатты түрде ашып, тұрғындарға тапсырды.

Аталған нысандардың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев бұл игі істер Елбасы саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын атап өтті.

– Жалпы облыста 1790-дай балабақша болса, соның 1 мыңға жуығы жекеменшік. Мұның барлығына мемлекеттен қаржы беріліп отыр. Осының арқасында балаларды балабақшамен қамту көлемі артып отыр. Бұл мемлекетте жүргізілген саясаттың нәтижесі мен жемісі деп білемін. Балабақшамен қамту бойынша Қазақстан бүкіл дүниеде алдыңғы қатарда. Шетелде әр балаға 400 доллардан төлейді. Еуропадағы ең мықты деген елдердегі көпшілік балабақшадағы әрбір топта жатын бөлме, ойнайтын бөлме жоқ. Ал бізде Мемлекет басшысымыз болашақ ұрпаққа жақсы жағдай жасап отыр, – деді әкім.

Аталған бөбекжайларда жас өскіндерді сапалы тәрбиелеп, ой өрістерінің өсуіне, яғни білімді болып ер-жетуіне, осы заманның үлгі жақтары түгел жасалған. Балабақша ішіндегі балалар ойын алаңына да ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, мұнда бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай олардың спортпен айналысуына баса назар аударылған.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Темір ауылында ашылған 200 орындық мәдениет үйінің жұмысымен танысты.

– Ұлт руханияты мен мәдениеті жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін.«Мәдениет деген ұғым аясында – адам онсыз өмір сүре алмайтын аса нәзік құбылыстар тоғысқан» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, дүниенің әдемілігі өнермен байланысты. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Ұлт Көшбасшысы айтқан «Қазақ өркениетінің алтын діңгегі» Отырар даласы руханият пен мәдениеттің ошағы дер едім, – деді өз сөзінде Ж.Түймебаев.

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x