Оның ойынша, теңгені еркін бағамға жіберу Қазақстан экономикасын девальвацияның шоғынан құтқара алмады.
Биыл наурызда доллар бағамы 320 теңге болса, бес айдың ішінде теңге 14 процентке арзандаған. Бұл баяғы бір реттік девальвациялармен бірдей ғой. 2009 жылдың ақпанында теңге 18 пайызға девалвацияланған (122 теңгеден 144 теңгеге), ал 2014 жылдың ақпанында — 19 пайызға (155 теңгеден 185 теңгеге). Қазір болса Ұлттық банк бағам «ауытқып» тұр дейді. Шын мәнінде мұндай ауытқу девальвация деп аталады. Тек бұрынғыдай бір реттік емес, оның «баяу» түрі«, – деді депутат.
Ол тағы долларсыздандыру саясатын да сынға алды.
«Ұлттық банк депозиттерді долларсыздандырып, долларлық депозиттерді 2016 жылдың қаңтар айындағы 70 пайыздан биыл жазда 45 пайызға дейін төмендетті.
Сонда Ұлттық банкке сенгендер алданып қалып отыр. Олардың теңгелері құнсызданып барады.
Бұрын теңге бағамы мұнаймен байланысты деп келді. Наурызда мұнай баррелі 65-70 доллар тұрғанда доллардың бағамы 320 теңге болған, қазір мұнай 72 доллар тұрады, ал теңгенің бағамы – 360 теңге. Бұл дегеніміз, бағам мұнай бағасынан толықтай бас тартты.
Бізге енді федералдық жүйенің саясаты мен антиресейлік санкциялар деп «құлақтан теуіп» отыр.
Сыртта біреу түшкіріп қалса да девальвацияны содан көруді қашан доғарамыз«, — деп қосты Мәжіліс депутаты.
Оның ойынша, қазіргі жағдайда халық пен кәсіпкерлер абдырап тұр.
«Валюта бағамының ертең қандай болатынын ешкім білмейтін кезде бизнес қалай келісімшарттар жасаспақ? Халық та әне-міне болады деген девальвациялар мен инфляцияны күтіп отыр. Импортқа тәуелді елміз. Әрбір девальвация бізде инфляцияны күшейте түседі. Біз бәрін өзі өндіретін Түркия да емеспіз, Ресей де емеспіз. Олар ғой, импорттың орнын өз өндірісімен алмастыра алады«, — дейді депутат Жамалов.
Депутат жағдай қиын дейді.
«Әлсіз бағам елдің бәсекеге қабілетін арттырады дейді.
Бірақ Қазақстан сыртқа шикізат сатқаннан басқа несімен бәсекелес? Енді бюджеттік бағдарламалар тоқтап қалуы мүмкін.
Бюджетті бір доллар 340 теңге деп есептеп қойғанбыз. Ұлттық банк өз міндетін орындай алмады, алмайды да. Қазір бизнестен бастап барлығымыз девальвация болады деп күтіп отырмыз, спекуляциялық сипат өршіп тұр. Қазіргі жағдайда шұғыл да нақты бір шешімдер керек«, — деді депутат.
- Соңғы жаңалықтарда доллар бағамы 363 теңге болды делінеді.