Аягөздегі су кірген 114 үй жарты айда жөнделеді (фото)

Dalanews 28 нау. 2018 12:17 243

Аягөздегі қызыл судан зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіре бастады. 



Аталған ауданға арнайы келген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жөндеу жұмыстарына қатысатын барлық құрылыс компанияларын жинап, құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде әрі сапалы жүргізуді тапсырды.

Бүгінде 114 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Алдағы аптада жөндеу жұмыстары басталады. Ол үшін 259 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі күрделі және ағымдағы жөндеужүргізілетін бірқатар үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті.
– Мен комиссияға өте мұқият түрде жұмыс істеу туралы тағы да тапсырма бердім. Бұл жерге ірі компаниялар келді. Екеуі Семей қаласынан, үшеуі Тарбағатай ауданынан. Дүйсенбіден бастап олар қызметтерін атқара бастайды. Мен келесі айда келіп, атқарылған жұмысты өзім тексеремін, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

30 үйді жергілікті мердігерлер жөндесе, қалғандары Семей қаласы мен Тарбағатай ауданынан келген компаниялардың қарамағына өтеді.

– Жобалық-сметалық құжаттамалар дайын. Соған сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Сметаны кәсіби білікті мамандар жасады. Біз үйдің басым бөлігін аралап көрдік. Барлық іс сапалы және қысқа мерзімде атқарылады деп сендіремін, – деді «Азия» құрылыс компаниясының басшысы Әсемхан Досқұжанов.

Айта кетейік, апат кезінде Аягөздегі 162 үйге су кірген. Қазіргі таңда комиссия барлығын тексеріп, тиісті шешімдерін шығарды. Нәтижесінде 41 үй жөндеуге жатпайтын болып шықты. Бүгінде жергілікті әкімдікпен 32 баспана сатып алынды.

Сондай-ақ, қаланың кейбір тұрғындары аймақ басшысымен кездесуге келіп, үй талап етті. Мәселен, Подгорная көшесіндегі 171 үйдің тұрғыны. Даниал Ахметов аталған баспананың жағдайын жеке өзі барып көрді.

– Қанша рет, мейлі 25 рет келіп қарасаңыздар болады. Бұл үйді күрделі жөндеуден өткіземіз. Соншалық үрейленетіндей қауіп жоқ. Үй иесінің өзі ешқашан жасамаған жөндеуді жүргізіп береміз, – деді үйдің жағдайын көзімен көріп, бағасын берген облыс әкімі.

Даниал Ахметов табиғи апатты жеке мақсаттары үшін пайдаланып кетуді көздейтіндер қатары көбейгенін де атап өтті. Тіпті, өз үйлерін өздері қиратқан жағдайлардың болғаны белгілі.

– Қазіргі мына жағдайды пайдаланып қалғысы келетіндер де табылып жатыр. Олар жаңадан үй алғысы келеді. Бірақ, расымен кейбір үйлерге жақсылап жөндеу жүргізу қажет. Бұл мәселеде қоғам белсенділері қайда қарап отыр?! Мұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс. Үйі қирап, жөндеуге мүлдем жарамайтын отбасыларға ғана жаңа баспана беріледі. Қалғандарын қалпына келтіреміз. Жақсылап жөндейміз. Көп ұзамай адамдар өз үйлеріне кіретін болады – деді Даниал Ахметов.



ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Тілеубек Шаяхмет

 

https://dalanews.kz/35006

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x