Жеті ғасыр тіршілік етуін тоқтатпаған Әулиеағаш

Dalanews 03 там. 2017 12:48 568

Туған жерді қастерлеу әркімнің перзенттік парызы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Бізге «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі» деп қазақтың қасиетті жерінің абырой-беделін асқақтатуды әрбір азаматқа тапсырған болатын.

Мені Елбасы ұсынысынан кейін «Туған жер» бағдарламасы аясында баспасөз беттерінде ел тарихын ұлықтайтын танымдық материалдар жариялана бастады. Тарихымызды кең дала төсіндегі тарихи орындар мен көне ескерткіштер, музейлердегі жәдігерлер арқылы насихаттасақ, жастар санасына неғұрлым сіңімді бола түсетіні анық. Иә, қазақатың қасиетті жері көркімен көз тартар әсем жерлерге, киелі мекендер көп қой. Соның бірі өзіміздің кіндік қанымыз тамып, туып-өскен ауылымыз – Әулиеағаш.

Аты айтып тұрғанда ауылымыздың бас жағында жеті ғасыр бойы саясы жұртты магниттей тартып тұрған Әулиеағашымыз бар. Бұл кәдуілгі Қазақстанның көптеген аймағында өсетін қарағаш. Елімізде көп таралған ағаштың бір түрі. Басты ерекшелігі ұзақ жылдар бойы көгеріп, көктеп тұрғаны. Әдетте қарағаштар 60-70 жылдан кейін өсуін тоқтатып, бұтақтары семе бастайтыны белгілі. Ал біздің ауылдағы Әулиеағаш жеті ғасырдан бері жапырақ жаюуын тоқтатпай, жазиралы Жаркент өңіріндегі туристер көп келетін нысандардың біріне айналып отыр. Соған қарағанда маған  қарапайым қарағаш жер-жерден келген халықтың ықылас-тілегінен қуат алып, ұзақ жыл жасап келе жатқандай әсер қалдырады.

[caption id="attachment_29203" align="aligncenter" width="900"] SONY DSC[/caption]

Иә, жергілікті халық оны киелі жер санайды. Бес футбол алаңындай жерді алып жатқан аумақта Әулиеағашты қаумалай өскен қалың ағашқа көз тастасаң, құды бір адам қолымен отырғызылған көрікті саябаққа ұқсатасың. Бірақ бұл өздігімен өскен «табиғи»  саябақ. Батыстан соққан самалмен жай ғана тербеліп, жапырақтар сыбырлаған қалың ағаштың саясына енсеңіз шілденің шіліңгір ыстығында жанға жайлы, ғажайып бір әлемге тап болғандай боласыз. Құстардың сайраған үні, төменде сылдырап ағып жатқан Қу өзенінің шуылы құлаққа талып естіледі.

Төрт бұрышты саябақтың дәл ортасында дініне жеті адамның құлашы әрең жететін алып Әулиеағаш көзге оттай басылады. Үлкен адамның құшағы әрең жететін алып бұтақтары иіліп, жерге тиіп, қайтадан көкке ұмтылғанын көресіз. Құды бір тіршілік етуге құмарлықтың белгісі секілді.


Қасиетті ағашытың айналасына сәкі орындық орнатылған. Алыстан Әулиеағашқа тәу етуге келген жұрт тізе бүгіп, мінәжат жасауына бар жағдай жасалған. Шыға берісті ауызы құлыптанған темір сауыт орналасқан. Мінәжат етуге келгенде қайтқан кезінде сол темір сауыттың көзінен садақаларын тастайды.

Кеңес заманында мұнда келушілер өздерінің күміс теңгелерін Әулиеағаштың түбіне тастайтын-ды. Ауылдың қозы-лағын баққан ойын балалары өзен бойындағы көкорайды жағалап келіп, жұрт тастаған күміс тиындарды жинап алып, дүкеннен тәтті сатып алушы еді. Ағаш түбінде жатқан тиындарға үлкендер мүлде қол салмайтын. Бұл таза ойын балаларына Құдайдың берген несібесі еді.

[caption id="attachment_29204" align="aligncenter" width="900"] SONY DSC[/caption]

Кейіннен аудан басшылары Әулиеағаштың айналасын қоршап, тазалап, алыстан келген адамдарға жөн сілтейтін шырақшы ұстауды қолға алды. Қазіргі таңда темір сауытқа түскен садақаның бәрі Әулиеағашты күтіп-баптауға жұмсалады. Ат шаптырым аумақты алып жатқан темір қоршауды жыл сайын сырлау, ішін тазалау бәрі-бәрі шырақшының мойнында. Тәу етіп келген туристерге бар жағдай жасалған.
Кезiнде бұл жерден Құдайдың жетi сүйiктi құлы Мекке-Мединаға сапар шегiп өткен деседi. Солардың iшiнде Шамашұрып деген Алланың нұрына шомылған әулие жатар мезгiлде қолындағы аса таяғын жерге шаншып қойыпты. Әулие сахарда тұрып қараса, әлгi түнде жерге қадап қойған асасы көктеп, тамырланып кеткен екен. Жаратқанның шексiз құдiретiне таң қалып, сансыз мақтау айтып тұрған Шамашұрыптың жүрегiне «Тиме, өсе берсiн!» деген аян келiптi. Мiне, содан әлгi асатаяқ көгерiп, қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге тартып, жайқалып өсе бередi.

Киелi ағаштың қасында бiр тамырдан нәр алып тұрған жетi жас ағаш бар. Жұрт оларды жетi ағайынды деп атайды. Және «Бозбала мен бойжеткен» аталған қос шынар да осы киелi ағаштың ұрпағы саналады.

Біздің ауылдың тұрғындары қуаңшылық болған жылдары киелі ағаштың басына келiп тасаттық беретін әдеті бар. Қасиетті ағаштың қураған бұталары осы тасаттық кезiнде ғана ас пiсiруге пайдаланылады. Мұндай тасаттық сонау дінге он жерден тыйым салған Кеңес заманында беріліп келеді. Сондай тасаттыққа әжеммен бірге еріп барып, қатысқаным бар. Мұндай жөн-жоралғаны ауылдық кеңестің атқа мінерлерінің өзі қатысады. Халықта қарап қалмайды. Бәрі бір кісідей атсалысып, Әулиеағаштың басында құрбандық шалып, ас пісіріп, Құран оқылады.

Көктемде берілген осындай тасаттыққа қатысып, үйге қайтып келе жатқанда көптің тілеуі қабыл болып, нөсерлетіп жаңбырдың жауғанына куә болғаным бар. Мұны енді Құдайдың құдіреті демеске лажың жоқ. Жақсы тілек, жақсы сөз жарым ырыс деген осы ғой. Сол кезде әжем тоқтай қалып, қолын жайып, әлдебір дұғасын оқығаны жанымда мәңгілікке жатталып қалыпты. Осылайша біздің ауылдың тұрғындар Кеңес заманының өзінде Әулиеағаштың арқасында табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, ата-баба дәстүрінен іргесін ажыратпады.

Біреулер Кеңес заманында ауылдық кеңестің адамдары мұндай іске қалай батылы барып барды деп ойлап қалуы мүмкін. Сол бір кезеңде Кеңес өкіметі дін мен дәстүрге қаншалықты тыйым саласа да біздің ауылдың тұрғындары ата-баба дәстүрін берік сақтап, ғасырлар бойы жасап келген жөн-жоралғысын сақтады. Ауыл, аудан басшылары тарапынан қандай да бір қысым болғанын да көріп, естіген емеспін.

[caption id="attachment_29205" align="aligncenter" width="1000"] SONY DSC[/caption]

Менің бұл сөзіме ауданда өткен үлкен бір жиналыста өткен мына бір әңгіме айқын мысал бола алады. Бір жылдары ауданымызда ерте көктемнен жерге бір түйір тамшы тамбай, жердің тозаңы аспанға шығады. Жаңбыр жаумаған соң, жүгерінің өсімі де кешеуілдей берген сол, ауданның бірінші хатшысы ауыл-аймақтың басшыларын тегіс жинап, басқосу өткізеді. Сол кезде ауданның бірінші хатшысы ауыл басшыларынан бірнен соң бірін тұрғызып, қуаңшылыққа қарсы қандай амал-әрекет жасап жатқандарын сұрай бастайды. Кезек біздің ауылдың басшысына да жетеді. «Қуаңшылыққа қарсы ауыл тұрғындары бас біріктіріп, Әулиеағаштың басына тастаттық беріп, құрбан шалуды жоспарлап жатырмыз», – деп аңғал ағамыз ағынан жарылған ғой. Сол кездегі саяси жүйенің ұстанымына томпақ келетін мұндай аргументті естігін жиналысқа қатысушылар қыран-топан күлкіге қарық болыпты. Бірақ сол жиналыста сырттан келген бөтен ешкім болған соң, ауылымыздың басшысы мұндай үлкен қателіктен жазасыз аман құтылғанын білеміз. Арада ұзақ жыл өтсе де риясыз шын көңілден айтылған осы бір әңгіме әлі күнге дейін ел арасында айтылады.

Бүгінде Панфилов ауданы әкімдігі Жібек жолының бойындағы Әулиеағашты туристер ат басын бұратын маңызды нысандардың біріне айналдыруға бар күш-жігерін жұмсауда. Әулиеағаш аулының ортасын қақ жарып ағатын Қу өзенінің бойындағы ескі көпір қайта жөнделіп, ауыл арасындағы жолдар асфальтталған. Туристер жол азабын тартпай емін-еркін жетуіне бар жағдай қарастырылуда. Жолдың жөнделуі ауылымыздың жоғары жағындағы «Жаркент-Арасан» санаторийі жұмысының жандануына септесуде. Қазір ауылымыздағы біраз адамдар әйгілі демалыс кешенінде жұмыс істеп, отбасын асырауда.

Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» жобасы қазірдің өзінде ел дамуына, өткен тарихымызды танып білуге, рухани жаңғыруымызға айырықша қозғау салып отыр. Сондықтан Президент мақаласында атап көрсетілген мәселелердің бәріне жіті көңіл бөліп, ортақ Отанымыз Қазақстанды дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.

Сәуле ҚАСЫМЖАНОВА, «Әулиеағаш» ауылының тұрғыны

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x