Жаңа үйден ескі үйім жақсы

Dalanews 03 там. 2017 15:56 818

Алматыда мыңнан астам тұрғын үй сүрілгелі жатыр. Олардың орнына жаңасы салынбақ. Тұруға қауіпті деп танылған баспаналардың басым бөлігі 70-80 жыл бұрын бой көтерген ғимараттар.

Қазір қала басшылығы ескі үй иелерімен келіссөздер жүргізуде. Көпшілігі су жаңа баспанаға көшеміз деп қуанып жүрсе, енді бір бөлігі сапасыз үйге бармаймыз деп тапжылмай отыр.

Бұл қаланың қақ ортасында орналасқан ең ескі тұрғын үйлердің бірі. 2013 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша сүрүлуі тиіс болған. Бірақ әлі күнге мұнда адамдар тұрады. Светлана Вострикова әкімдік қызметкерлерімен үш жылдан бері соттасып жүргендердердің бірі. Ол ақ жағалалылар өз үйімнен заңсыз қуып шыққысы келді деп отыр.

− Үйлерің сүріледі деді да, суымыз бен жарығымызды кесіп тастады. Адамдардың барлығы амалсыз олардың берген сапасыз, сылағы түсіп жатқан үйіне көшті. Мен неге онда баруым керек. Берген ақшалары ештеңеге жетпейді. Сексеннен асқан әкем бар. Біз соңына дейін барамыз, − дейді Светлана Вострикова.

Үш жылдан астам адам төзгісіз жағдайда тұрғаны үшін Светлана енді әкімдіктен маралдық-материалдық шығын да талап етпек. Ескі болса да үйімізден кетпейміз деп отырған тек Светлана емес. Гоголь мен Шәріпов көшелерінің қиылысындағы үйдің тұрғындарының барлығы дерлік баспаналары сүрілетін ғимараттар тізімінде екенін білгенде төбеден жай түскендей таңқалыпты.

− Біз бұл бағдарламаны қарадық. Әрине жақсы үй береміз, жағдайларыңды жасаймыз деп үгіттеді. Бірақ бұған дейін салынған үйлердің бәрі нашар. Сылақтары құлап, жарықшалар пайда болып жатыр. Жүз жыл тұрса да мына үйдің сапасы жүз есе артық, − дейді Елена Шаяхметова.

Қала тұрғындарының алаңдауы да бекер емес. Алматы әкімінің өзі ескі үйлердің орнына салынып жатқан ғимараттардың сапасы сын көтермейтінін айтқан. Ал құрылысшылар барлығына бірдей жағу мүмкін емес деп отыр. Алайда, әкімдік қызметкерлері ешкімді мәжбірлемейміз. Тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Көшу-көшпеу жағын өздері шешеді дейді.

− Халықпен жұмыс істеу әрқашан қиын ғой. Бәріне жағу мүмкін емес. Шамамыз келгенше түсіндіріп жатырмыз. Олар тұрып жатқан үй қауіпті. Құлап кетсе өздеріне жаман болады. Сол үшін жаңа үйлерге көшіндер деп түсіндіріп жатырмыз, − құрылыс мекемесінің директоры Асқар Мапаев.

Орталықта тұратындар мемлекеттік бағдарламаға жаппай қарсылық танытып үйімізден кетпейміз деп жатса, Түрксіб ауданының тұрғындары бүгін көшуге дайын.

Алматы қаласы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша 2012-2015 жылдары 48 үй сүіріліп орнына 51 үй салынса, 2024 жылға дейін тағы мыңнан астам үй сүріліп орнына жаңасы салынбақ.

Асыл Әділханұлы

 

Дереккөзі: КТК арнасы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар