ШҚО-да 52 770 адам Pfizer вакцинасын қабылдады

Dalanews 21 желт. 2021 07:59 226

Шығыс Қазақстан өңіріне 11 қарашада бастап Comirnaty/Pfizer вакцинасының 35 100 дозасы жеткізіліп, 14 қарашадан бастап аталған препаратпен вакцинациялау басталған, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күні облыс бойынша 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүктілігі 16-37 апта аралығындағы әйелдер, бала емізетін әйел санаттарындағы 52 770 адам Pfizer вакцинасымен екпе алды.

Олардың 48 мыңнан астамы – жасөспірімдер, 1 100-ге жуығы жүкті және 3700-ден астамы бала емізетін әйелдер. Вакцинаның екінші компонентімен 6 400 адам вакцинацияланды.

Атап өтейік, 12-ден 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналау тек қана ата-анасының неме жасөспірімнің заңды өкілдерінің ресми рұқсаты арқылы жүргізілуде.

– Әр ата-ананы баласының болашағы алаңдатады, сондықтан, менің ойымша, біздің басты мақсатымыз – баламызды короновирус инфекциясынан сақтау. Қорқудың қажеті жоқ, жалған ақпараттарға бой бермеу керек. Менің ұлым Pfizer вакцинасының бірінші компонентін алды, өзін жақсы сезінуде, – деді Қалбатау ауылының тұрғыны Алла Тайманова.

Дәрігерлердің мәліметі бойынша, жаңа зерттеулер Pfizer вакцинасының қауіпсіз екенін және жүкті әйелдерге кері әсер етпейтінін көрсетеді. Жүктілік кезінде короновируспен науқастану қауіпті және бұл жағдайда инфекция ауыр асқынуы мүмкін.

– Мен короновируспен стационарға түстім, рентген түсірілімінде өкпемнің 20 пайызы қабынғаны көрінді. Мен қазір ем қабылдаудамын, тыныс алуым ақырындап қалыпқа келе жатыр. Болашақ аналарға айтқым келеді, тиісті шаралардың барлығын қабылдап, өз денсаулықтарыңызды және болашақ балаларыңызды қорғаңыздар. Дәрігерлермен кеңесіңіздер, екпені қай уақытта алған дұрыс болтанын біліңіздер. Бұл күтпеген жерде стационарға түсуден қорғайды. Ауыруды жеңу өте ауыр, – деді облыс тұрғыны Людмила Котикова.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x