Іле ауданында заманауи ПТР зертханасы ашылды

Dalanews 28 қаз. 2020 14:27 218

Іле ауданы Өтеген батыр ауылында орналасқан аудандық орталық ауруханада короновирустың екінші толқынының жүру ықтималдылығын ескеріп, індеттің алдын алу мақсатында күніне 500-ге жуық тест анализін қамтитын заманауи ПТР зертханасы мен оттегі станциясы ашылды.

Жаңа медициналық нысанның ашылуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов арнайы келіп, станцияның жұмысымен танысты.

Барлық округтердегі ауылдық амбулаториядан келген науқастардан алынған сынамаларды осы зертханада қабылдау жоспарлануда. Дәл қазіргі кезде аса маңызды саналатын құрылғы – оттегі станциясы да осында орнатылған. Құрылғы «Birgemiz Jetisy» қоры мен облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға алынды.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аталмыш зертхананы Іле ауданының орталық ауруханасында салдыруының өз себебі бар. Өйткені Іле ауданы облыс бойынша халқы тығыз орналасқан өңір.


Станцияның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аурухананың бас дәрігері Бауыржан Ысқақ:

– Жаңадан ашылып отырған ПТР-зертханаға біз ерекше қуаныштымыз. Бұл зертхана індетті анықтап, оның алдын алуда үлкен көмек болды. Мамандарымыз арнайы оқу курсынан өтіп, сәйкестілік сертификаттарын алып, жұмыстарына білек сыбана кірісуде. Зертхана күніне 500-ге жуық тест сараптамасын қамти алады. Тағы бір жаңалығымыз – оттегі станциясы. Бұл станцияда 150 киловаттық энергия қуатында жұмыс істейтін 50 текше метр сыйымдылығы бар оттегі жинақтайтын екі қондырғы орнатылған. Осы екі қондырғыдан оттегі алынады. Осыған орай, аурухана бөлімдеріне оттегі берілетін 100 дана қосымша розеткалар тартылды, – деп орын алған жаңалықты қысқаша айтып берді.

Бүгінгі күні коронавирус бойынша аудандағы жағдай тұрақты. Аудандық орталық ауруханада індетпен күресуге барынша жағдай жасалып, коронавируспен ауырғандарды емдеуге төсек орындары әзірленді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x