Педиатрлар қайда жоғалды?

Dalanews 25 мам. 2016 21:26 226

Бұл мәселені қозғамай-ақ, тыныш жатсам болар еді. Менің жасыма жеткен әріптестерімнің көпшілігі «үндемесең, үйдей пәледен құтыласың» деген тәсілді жақсы пайдаланады. Бірақ қазақ медицинасындағы кемшіліктерді көргенде орнымда отыра алмаймын. Медициналық оқу орындарында педиатриялық факультеттер жабылғалы отандық медицинаның жалпы жағдайы құлдырап кетті.

Педиатрлар неге қажетсіз болып қалды? Оларды санаттан шығарып тастауға кім пәрмен берді? Дәрігерлердің және ата-аналардың ойында жүрген ең басты сауал осы.

Өз басым бұл шешім ұлт денсаулығына кері әсерін тигізбесе, титімдей пайдасы жоқ деп санаймын. Еліміздегі халықтың 30 пайызы балалар. Ал педиатрияның бағыттары көп, бірақ соған қарамай жыл өткен сайын аталған саланың мамандары азайып келеді. Бұған себеп, Қазақстанда педиатрлар дайындамайтын болған. Неге? Мұншалықты қисынсыз шешім қабылдауға кімнің дәті барды?

Ең сорақысы, бүкіл ТМД аумағында тек Қазақстанда ғана педиатрия факультеттері толықтай жабылды.  Әлемнің көптеген елдерінде факультеттерді былай қойғанда, жеке педиатриялық медицина институттары бар.

Біздің билік елден көргенін қайталауға асық. «Жаңа медициналық стандартқа көшуге тиіспіз, бұл Болонья конвенциясының талабы» дегенді сылтауратып, барлық педиатриялық қызметтердің жұмысын тоқтатты.

Бәлкім дамыған елдерде мұндай шешім қабылдау түсінікті шығар, бірақ бізге не жоқ? Біз дамыған елдердің деңгейіне жеттік пе?

1453437986Ресей, Украина және Беларусь елдері аталған конвенцияны қабылдаған екен. Билік соны айтады. Бірақ, олар педиатрияға және мемлекет мүддесіне қайшы келетін кейбір тармақтарды тізімнен алып тастады, олармен келісе кеткен жоқ. Бұл елдерде әлі күнге дейін педиатр, яғни, бала дәрігерін дайындайды және бұларда бала денсаулығының көрсеткіші бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Осыны айтқым келген мен Дариға Назарбаевамен жүздеспек едім. Бірақ, кездестірмеді. Жолатпады. Себебі, шенеуніктер менің педиатрия факультеттерін қайта ашқызғым келетінін біледі. Кездескен кезде осы мәселені көтеретінімді сезеді.

Анығында, біздің буын берерін берді. Қазақстандағы медицинаны қалыптастыруға қазіргі аға буын азды-көпті үлес қосты. Бірақ, өз артымызда аяқталмаған қаншама іс қалып барады...

Білікті бала дәрігерлері жыл өткен сайын азайып барады. Мысалы, мен ауылдарда жиі боламын. Ол жақтағы медицинаның жағдайы тіпті сорақы. Бұл Алматы да, Астана да емес. Айталық, баланың ыстығы көтеріледі. Оның дене қызуы неден көтеріліп тұрғанын таба алмаған, яғни, диагнозын қоя алмаған дәрігер балаға ыстық қайтаратын дәріні бере салады. Анығында, оның неден болғанын анықтау керек емес пе? Себебі, бала денсаулығына салақ қараған жағдайда оның арты созылмалы ауруға ұласуы мүмкін.

Қазіргі жастардың 40-45 пайызы әскерге жарамайды. Мұның бәрі қайдан шықты? Себебі, бала кезде жете қарамаған, денсаулығына мән бермеген, аяғына дейін емдемеген.

Шынымды айтсам, қазіргі жағдайдан қорқамын. Ата-аналарды, балаларды – педиатрдан айыруға болмайды деп қанша рет қайталап айттым. Ешкім елемейді. Билік  барлығына ортақ дәрігер болады дейді. Бұл бір жағынан экономикалық тиімді екен. Экономикасы құрысын, одан бала денсаулығы қымбат емес пе?

Сосын «барлығына ортақ дәрігер» баланы қалай емдеу керектігін біле ме? Жоқ. Себебі, баланың ағзасы ересектерге қарағанда бөлек болады. Олардың өз ерекшеліктері бар. Сондықтан барлығына ортақ дәрігер біз үшін тығырықтан шығар жол емес.

Өзіңіз ойлаңызшы, мұндай дәрігердің болуы мүмкін бе өзі? Жер бетінде 14 мыңға жуық аурудың түрлері бар. Мұны тіпті ең білікті, ең сауатты дәрігердің өзі білмеуі мүмкін. Тиісінше, білмеген ауруын емдей алмайды. Сондықтан кештетпей педиатриялық факультеттерді қайтару керек, бала дәрігері – біздің болашағымыздың денсаулығын тексеретін бірден-бір маман. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сапалы медициналық көмекке лайықты.

Отандық медицинаның тағы бір мәселесі бұл оқу уақытының ұзақтығы. Қазір біз медицина саласындағы мамандарды даярлауды әлемдік жүйеге сай жүргізудеміз. Бұған сай болашақ дәрігерлер 9-11 жыл оқиды. Бірақ, бұл да дамыған елдердің бастамасы. Олардың медицина саласына қыруар қаржы бөлінеді.

 Мысалы, Германия мен Францияда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 8 пайызы, ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 15 пайызды құрайды. Бізде қанша дейсіз бе? Айтуға да ұят. Бар болғаны 3,8 пайыз. Мұндай қаржыландырумен біз алысқа бармаймыз.  Мұндай қаржыландыру дегеніміз – дәрігерлердің жалақысы әрі қарай да төмен деңгейде қала береді деген сөз. Ендеше болашақ маманды осыншама уақыт оқытудың еш қажеттілігі жоқ. Мұншама уақыт оқып-тоқып іздену үшін адам алаңсыз болуы керек. Біздің жағдайда дәрігердің мардымсыз жалақысымен бұл мүмкін емес.

Шетелде резидентурада оқитын жастар қомақты стипендия алады әрі нақты дәрігер болып жұмыс істейді. Екі-үш жыл өткесін ординатураға ауысады.

Дамыған елдердің үлгісін қайталау үшін, алдымен соған сай жағдай қажет. Қазақстандағы медицина саласына бөлінетін мардымсыз қаржы дәрігерлерге қандай жағдай жасап бермек? Медициналық оқу орындарының өз клиникалары атымен жоқ.

Осы себепті мен дәрігерлерді 7 жыл оқытуға кеңес беремін. Бес жылы – жалпы білім алатын кезең болса, қалған екі жылда мамандығы бойынша  даярлануы қажет. Ал бұдан кейін диплом алып, жұмысқа кіріссін.

Қайталап айтайын, біздің жағдайда дәрігерді 11 жыл оқытатын мүмкіндігіміз жоқ.

Камал ОРМАНТАЕВ,


хирург-педиатр, академик


"Время" газетінен аударылды


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x