Шенділердің жер сатудағы қылмысы әшкере болды

Dalanews 03 қар. 2016 11:45 160

Бас прокурор Жақып Асанов Астана маңында аса ірі көлемде жерлерді заңсыз сату қылмысына көз жұма қараған шенеуніктердің аттарын атауды бұйырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

– Мен Қосшы бойынша нақтылап өткім келеді. Онда жүздеген қатысушылар болған, сандар келтірілген, барлық жерде xабарламалар ілінген, бұны барлығы білген. Ол жерлерді тіпті мемлекеттік қызметкерлер де сатып алыпты, әкімдер, прокурорлар, барлығы xабардар болған. Сонда картоп өсіретін алқапта жер беріліп жатқанын барлық xалық білген. Депутат болған кезімде мен де ол жерлер сатылып жатқанын естігенмін. Бүкіл xалық сатып алып жатты, – деді ол бүгін жерлерді заңсыз басып алуға қатысты өткен алқа мәжілісінің отырысында.

Бас прокурордың сөзінше, ол қылмыстық іс қазір тергеліп жатыр, 15 адам қамауда, олардың басым бөлігі шенеуніктер. 24 адам қылмыстық іске тартылды. «Жақында істі сотқа жолдаймыз. Тергеу жұмыстарын Бас прокуратура жүргізуде. Соттың шешімін күтпей-ақ бұған қатысы болған өзге де шенеуніктерге жаза қолданатын боламыз. Сондықтан мен тергеу тобынан жерлер заңсыз сатылып жатқанын білген, бірақ еш әрекет жасамаған шенеуніктердің тізімін күтіп отырмын. Көз алдарында осы былықты көрді, тоқтау салмады, бірақ қазір әлі күнге дейін мемлекетке қызмет етуін жалғастыруда. Ондайларды мемлекеттік қызметтен желкелеп қуу керек», – деп ескертті Ж. Асанов.

Ведомство басшысының сөзінше, Қосшы шенеуніктерінің кесірінен 500 отбасы жапа шекті. "Ол ең жоғары деңгейде талқыланды. Адамдар жалған шенеуніктерге алданып қалды. Шынында олар ол кезде шенеунік болмаған, бірақ осы істе барлық құжаттарды білгендіктен, құжаттарды оңай қолдан жасаған", – деп түйді ойын Ж.Асанов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x