Арманжан Байтасов: «90-шы жылдар түк емес, қазір одан да ауыр»

Dalanews 14 сәу. 2016 21:31 302

 

Еліміздегі ең танымал бизнесмен өзі иелік ететін Forbеs Қазақстан журналына сұхбат беріпті. Арманжан Қазақстандағы бизнестің жағдайына анық-қанық баға берген екен.

 – Бүгінгідей қиын дәуірде бизнес қалай күн көріп жүр?

– Дәл айттыңыз, шынымен де қиын уақыт. Алайда дағдарыс бұл бизнестің басына түскен ауыртпалықтың басы ғана. Кәсіпкер ретінде экономикада өрлеу мен құлдыраудың қатар жүретінін жақсы білеміз.

Мені басқа нәрсе алаңдатады.

Біз кәсіпті аумалы-төкпелі 90-шы жылдары бастадық. Ол кез шынымен де ауыр болатын. Нағыз қиыншылық сол тұстары болды. Соған қарамай біз оны еңсерерімізге сенімді едік. Біз еңбек етуге, жұмыс істеуге қорыққан жоқпыз.

– Сонда сіз бүгінгі күнді 90-шы жылдармен салыстырып отырсыз ба?

– Қазіргі Қазақстанда кәсіп қылу, бизнес ашу 90-шы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда ауыр. Сырт қарағанда мемлекет көмектесіп жатыр. «Даму», Қазақстан Даму банкі сияқты институттар бар, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді. Бірақ, қазіргі күнгі кәсіпкерлердің бойында 90-шы жылдардағы ұмтылыс жоқ. Бұл – дағдарыстың өзінен асып түсетін, күрделі проблема.

– Бизнеспен айналысу неге ауырлап кетті?

– Себебі, Қазақстанда кәсіп қылу қауіпсіз болудан қалып барады. Бизнес бастағысы келген кез-келген адам басын бәйгеге тігеді. Ол табыс таппай жатып кеңсесіне Санэпидстанция, өрт сөндіру, салық, Қаржы полициясы, прокурорлар, Әділет министрлігінің өкілдері сау етіп кіріп келеді. Одан қалды, сізге қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытып, үркітіп кететін күтпеген «бейтаныс» адамдар пайда болады. Бұдан кейін сіздің бизнеспен айналысуға деген ұмтылысыңыз мүлде өшеді.

Сайып келгенде мәселе дағдарыста емес. Ол кездегі Қазақстан экономикасы қазіргіден әлдеқайда нашар-тұғын, соған қарамай біз бизнес істегенбіз.

– Бұдан шығар жол бар ма? Не істеу керек?

– Өзгеріс қажет: кәсіпкерлерді сөз жүзінде қолдаудың қажеті жоқ. Анығында, оларды мазаламай, жайына жіберу керек. Жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет. Бақылаушы органдардың тең жартысын алып тастап, барлық кәсіпкерге мемлекеттің талап-шарты түсінікті болатын ережелерді сызып берген жөн.

Салықтың қарапайым және барлығына ортақ болғаны дұрыс. Сонда белсенді азаматтар өздері-ақ жұмыс орындарын құрып, салықтық базаны кеңейтетін болады. Осылайша орта тап қалыптасады. Кәсіпкерлерге биік мінберлерден басқа дүниені айтып, ал шын өмірде мүлде басқа әрекеттерге барар болсақ, біз бизнесмендер деп аталатын белсенді топтан айырылып тынамыз. Қазақстанда коммерциялық қабілеті бар адамдар соншалықты көп те емес.
Мен сізге мынаны айтайын: өзінің бизнес идеясын Отанында жүзеге асыра алмасын білген адам, жобасын шетелге кетіп жүзеге асырады. Ол АҚШ немесе көршілес Қырғызстан болуы ғажап емес және бұл тенденция күн өткен сайын күшейіп келеді.

Ілгеріде айттым, мәселе дағдарыста емес, кәсіпкерге деген көзқараста. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту қорлары жұмыс істеп жатыр, бірақ іс жүзінде олардың көмегі аз. Ал қиындыққа шыдамаған кәсіпкерлердің көпшілігі бизнесті бастамай жатып, тастап кетуге мәжбүр болады. Кейбіреулері шетелге кетеді. Екі жағдайда да Қазақстан экономикасы ұтылады.

Адам бизнеспен айналыспаса, мемлекет оған ақша шығындауға, оны асырауға мәжбүр болады. Мемлекет оның есебінен пайда таба алмайды. Керісінше болуы керек. Адам өздігінен ақша тапса, бұл мемлекетке де тиімді.

Сосын қоғамның кәсіпкерге деген көзқарасы дұрыс емес. Кәсіпкердің репутациясына кір келтіріп жүрген пысықайлар бар. Бірақ, біз олардың әрекетіне жауап беруге тиісті емеспіз. Адамдар мынаны білуі керек: тендерге көз тікпейтін, бюджеттің ақшасын атымен көрмеген, тек өз еңбегімен табыс тауып жүрген кәсіпкерлер бар.

– Сарапшылар «мемлекет бизнесті қолдаудан бас тартуы керек» дейді. Олардың пікірінше, бизнес өз еркімен, табиғи түрде дамуы керек. Ал өйтпеген жағдайда өзге елдің бизнесмендерімен бәсекелес бола алмайды. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мемлекет бизнеске бостандық бергенін қалаймыз. Шынымен бизнеске асыра қолдау көрсеткен де дұрыс емес, себебі мұндай жағдайда кәсіпкердің санасына «Үкімет өлтірмейді» деген түсінік қалыптасып қалады.
Мемлекет кәсіпкерге басқа жағынан көмек көрсетсін – салықты жеңілдетсін. Шаруашылықтарға дотация беру үшін олардың қанша литр сүт өндіргенін санаудың қажеті жоқ. Егер сүт өндірісі мен құс шаруашылығын дамытуға ұмтылысы болса мұндай кәсіпкерлерді 10 жылға дейін салықтан босатып, барлық дотацияны алып тастау қажет. Сонда ғана саланың инвестициялық тартымдылығы пайда болады. Кәсіпкерлер дотацияға қарамай-ақ күн кешеді.

Аударған, Думан БЫҚАЙ


Бас беттегі суреті Форбс Қазақстан сайтынан алынды


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x