Әлиев: "Армян солдаты Әзірбайжан жерінде не істеп жүр?"

Dalanews 02 қаз. 2020 07:54 251

27 қыркүйекте таңертең Армения мен Әзірбайжан арасында дауға айналған Таулы Қарабақта қақтығыс шиеленісті.




29 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі екі елді әскери қақтығысқа жол бергені үшін айыптады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш екі елді атысты тоқтатып, бейбіт келіссөздер жүргізуге шақырды.

Бірақ Әзірбайжан мен Армения келіссөз жүргізуден бас тартып, жағдайдың ушығуына бір-бірін айыптап отыр.

Ресейдің «Россия 1» телеарнасына берген сұхбатында Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев: «Армения премьер-министрі Қарабақты Арменияның бір бөлшегі деп ашық айтты. Мұндай жағдайда қандай келіссөз туралы айтуға болады?», – деген пікір білдірді.


Алайда жанжалға не түрткі болғаны белгісіз.

Екі ел тікұшақ, дрон, танк және артиллерия шығарып, атыса бастады. Баку мен Ереван бір-бірін «Таулы Қарабақтан тыс жатқан жерлерге шабуыл жасады» деп айыптайды. Бір анығы, екі мемлекет  қарулы күштерінің арасындағы Таулы Қарабақтағы әскери шабуылдар әлі тоқтаған жоқ.

Соғыс ошағынан түрлі хабарлар тарауда. Екі тарап та өз қарсыластарының көбірек зардап шеккенін айтып жатыр. Әзірбайжан әскерилері Қарабақтағы бірнеше ауылды өз бақылауына алғанын хабарлаған. Армения бұл ақпаратты жоққа шығарған. Әзірге белгілісі екі тараптан да қаза тапқандар бар. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бары расталған.

 

Әлиев пен Пашинян       


Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев ұзақ жылдар бойы жауласып келе жатқан екі елдің арасындағы жағдайдың ушығуына тоқталып, негізгі себептерді атап көрсетті.

«Дәл осы әскери қақтығыстар кезінде шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарауда. Бұл – ең алдымен, екі тараптың әлемдік қауымдастық алдында өздерінің әрекетін ақтап алмақ саясаты. Сонымен қатар жанжалға тағы бір себеп, биыл Әзірбайжанға өзінің әскери қуатын көрсетіп, Таулы Қарабақтың қорғаныс шебін тексеруі қажет болды.

Ал Армения соңғы жылдары қарулы күштерін Ресейдің қару-жарағымен жабдықтап, Кремльмен тығыз ынтымақтастық құрды. Таулы Қарабақ басшылығы да өз әскерін Ресейдің соңғы үлгідегі қару-жарағымен белсенді түрде қамтамасыз етуге көшкен. 


Әзірбайжан да Ресейден қару-жарақ сатып алып, әскери күшін арттырған. Сондай-ақ Беларусьтен және өзге де елдерден белсенді түрде қару сатып алып отырған. Қару-жарақ жарысы ерте ме, кеш пе қарулы қақтығысқа ұласары анық еді. Бұл кез келген жанжалды жағдайды ушықтырудың классикалық үлгісі», – дейді саясаттанушы.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс табиғи байлық көздерінің бағасына да әсер етуі мүмкін. Каспийдегі әлемдік нарыққа шығатын мұнай мен газ Оңтүстік Кавказдағы құбырлар арқылы өтеді. Сондықтан Таулы Қарабақтағы кез келген қақтығыс нарыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Кикілжіңнің қара алтынның нарықтағы құнына қаншалықты әсер етерін алдағы уақытта бағамдайтын боламыз.

«Коронавирус пандемиясынан кейін экономикалық ахуалы күрт төмендеп кеткен Армения мен Әзірбайжан мемлекеттерінің басшылары үшін Таулы Қарабақтағы жанжал саяси ұпай жинаудың мүмкіндігі секілді», – дейді Сәтпаев.

Оның пікірінше, Пашинянға өзін Армения егемендігін  және Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін қорғаушы ретінде көрсету маңызды.

Ал Әлиевке елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы, наразы пікірлердің көбеюін ескере отырып, Әзірбайжан халқының қолдауын жоғалтпау маңызды. Өйткені жерін қорғау, тәуелсіздігінің баянды болуы кез келген мемлекеттің азаматтары үшін әрқашанда қасиетті борыш болмақ.

 

Қақтығысқа не себеп?


Таулы Қарабақ Әзірбайжандардың тарихи және мәдени мекені. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Әзірбайжанға тиесілі Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан 7 облысты өз бақылауына алған.

Бұл аймақта әскери қақтығыс 1988 жылы басталды. 6 жылдан аса уақытқа созылған қақтығыс кезінде 30 мыңға жуық адам ажал құшып, жүздеген елді мекен қирады. Аймақтың экономикасы мен әлеуметтік жағдайына орны толмас орасан зор шығын келді.

Бұдан бөлек, 1993 жылы Әзірбайжанның тағы 7 ауданы соғыс ошағына айналып, аймақта өмір сүріп жатқан армяндар мен әзірбайжандар арасында жанжал жиіледі, босқындар көбейді. Екі мемлекет арасында келіспеушілік күшейе түсіп, екі тарап та мәселені өз беттерінше шешуге ұмтылды.

Әзірбайжан бұл мәселе мемлекеттің ішкі саяси жағдайы екенін, сондықтан оны шешу құқығы өзіне тиесілі екендігін айта келіп, мемлекеттің территориялық тұтастығына қатер төндірген Арменияның іс-әрекетін агрессия деп айыптады.


Биыл шілде айында Таулы Қарабақта тұтанған қақтығыстан екі жақтан кем дегенде 17 әскери және бір бейбіт тұрғын қаза болған. Сол кезде де Армения мен Әзірбайжан әскери дрондармен, артиллериямен атысқан.

Айта кетерлік жайт, Таулы Қарабақ тәуелсіздігін жариялағанымен, оны әлемнің бірде-бір елі мойындаған жоқ.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 30 қыркүйек күні «Билік Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындау мүмкіндігін қарастырып жатыр», – деп мәлімдеді.

Пашинянның бұл мәлімдемесі отқа май құйғандай болды. Әзірбайжанның Ресейдегі елшісі Полад Булбул-оглы:

«Армения Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындайтын болса, бұл жағдайды шиеленістіріп, соғыс өртінің тұтануына алып келеді», – деген пікір білдірді.

Оның атап өткеніндей, Әзірбайжан Арменияның бұл әрекетін жауапсыз қалдырмайды. Армения әлем алдындағы абыройынан жұрдай болады.


«Армения тарапының Таулы Қарабақты мойындауы Әзірбайжанмен арадағы барлық дипломатиялық келіссөздердің күйреуіне әкеледі», – деді Булбул-оглы.

Саясаткер  Мұхтар Тайжан да екі ел арасындағы әскери қақтығысқа байланысты өз пікірін білдірді:

«Ешкім ешқашан өз жерінен оңай айырылмайды. Кез келген халық оны қайтаратын уақытты күтіп жүреді.

Армения Таулы Қарабақты Әзірбайжаннан 1992-1994 жылдары Ресей әскерінің араласуы арқасында тартып алды. Осы күнге дейін Әзірбайжан күш жинап, өз жерін қайтарып алатын ұрымтал тұсты күтіп келді.

Мен оларды жақсы түсінемін, ата-бабалар жері қашанда қымбат. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымы мүшесі ретінде қандай жағдай болмасын, Халықаралық құқық нормасын өрескел бұзған Арменияға ешқандай көмек көрсетпеуі керек.

Мәселе, әзірбайжан мен қазақтардың бауырлас түркілер болуында да емес, мәселе бұлай әскери күш қолданып, көршінің жерін тартып алуға болмайтынында. Бұл оп-оңай бол салмайды. Қашанда жауап беретін күн туады», – деді Тайжан.

 

Таулы Қарабақ әлем назарында


АҚШ президенті Дональд Трамп Әзірбайжан мен Армения арасындағы басталған қақтығыстарға қатысты «Бұл аймақтағы елдермен байланысымыз жақсы, түрлі салада әріптестік орнатудамыз. Таулы Қарабақ? Қақтығысты тоқтатып, соғыстың алдын аламыз ба жоқ, оны уақыт көрсетеді...» деді.

Ресей президенті Владимир Путиннің пікірінше, қақтығысты әрі қарай болдырмау үшін қолдан келер барлық шараларды қабылдау қажет.

Басты міндет – соғыс өртінің тұтануына жол бермеу керек.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасап, БҰҰ позициясын білдірді. Ұйым басшысы өз мәлімдемесінде екі тарапқа да үндеу жолдап, «әскери қимылдарды дереу тоқтатып, келіссөз өткізуге» шақырған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1993 жылғы №884 резолюциясында ұйым мүшелерінің Арменияның Әзірбайжанға бағытталған агрессиясын айыптайтыны тайға таңба басқандай жазылған.


«Әзірбайжанның территориялық тұтастығына қол сұғылмауы керек. Халықаралық шекаралардың бүлінуіне жол берілмесін. Бөгде елдің аумағын күш қолданып тартып алуға тосқауыл қойылсын. БҰҰ Зангелан ауданы мен Горадиза қаласын оккупациялаған, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырып, Әзірбайжан территориясына тұмсық тыққан Армения билігін айыптайды», – делінген аталған резолюцияда.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Армениядан «Әзірбайжанның оккупациялап алған жерінен тез арада кетуі керек» деп мәлімдеді.

«Арменияның Таулы Қарабақты оккупациялап алуымен басталған аймақтағы жанжалды тоқтатуға уақыт келді. Әзірбайжанның шыдамы таусылды. Баку өз күшімен армян оккупациясына қарсылық білдіріп, нүкте қойып жатыр», – деді Ердоған.

 

Армян солдаты Әзірбайжан жерінде не істеп жүр?


Армения мен Таулы Қарабақ әскери жағдай жариялап, бүкіл әскерін соғысқа дайындады. Сондай-ақ Арменияда 18-55 жас аралығындағы ер адамдар аумақтық әскери комиссариаттардың жазбаша рұқсатымен ғана елден кете алады. Бұл туралы елдің азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасаған Sputnik Армения хабарлады.

28 қыркүйекте Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев ел әскерін жартылай мобилизация жасау туралы мәлімдеме жасады.

Әзірбайжан да әскери жағдай және комендант сағатын жариялап, шекаралық аймақтарда әскери оқу-жаттығу жиынын бастағанын мәлімдеді. Сонымен қатар елдегі шиеленісті жағдайға байланысты азаматтарға әлеуметтік желілерге қолжетімділік шектеледі.

– Біз өз жерімізде соғысып жатырмыз, бүгінде Әзірбайжан жеріндегі Әзірбайжан армиясы жауға соққы беріп жатыр. Армян солдаты Әзірбайжан жерінде не істеп жүр? Біздің мақсатымыз әділ, біз жеңеміз!», – деді Әлиев халыққа арнаған үндеуінде.


Әзірбайжан президенті армян әскерлері Қарабақтан біржолата кеткен жағдайда ғана аймақта бейбітшілік орнайтынына сенімді. Келіссөздерден нәтиже болмаса, Баку бұл мәселені әскери жолмен шешуге дайын екенін жеткізді.

Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Мамедов атап өткеніндей, осыған дейін аймаққа қатысты ондаған келіссөз жүрген. Алайда барлығы нәтижесіз аяқталған.

«Келіссөздер барысында қақтығысты шешудің түрлі нұсқалары ұсынылды. Алайда Әзірбайжан өзінің аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Таулы Қарабақты оккупациялық күштердің тастап шығуы және әзірбайжандардың атамекеніне оралуы (Таулы Қарабақты айтады, ред.) ұстанымын әрқашан алдыңғы қатарға шығарды. Әзірбайжан өз аумағында, атап айтқанда, Таулы Қарабақта тұратын армян қауымдастығына өзін-өзі басқарудың жоғары мәртебесін беруге дайын және әрқашан дайын болған» дейді елші мырза.

Айта кетелік, 1994 жылы қарулы қақтығысты тоқтату туралы Бішкек протоколы қабылданып, оған Армения да, Әзірбайжан да қол қойған.

Әзірлеген Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x