Мамин Үкіметі отставкаға кете ме?

Dalanews 14 шіл. 2020 04:33 285

Пандемия көптеген елдер үшін саяси дағдарыстың басты себебі болуда. Індет тарағалы бері Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде көптеген түйінді мәселелер су бетіне қалқып шығып, атқарушы биліктің дәрменсіздігін көрсетті. Осыдан біршама уақыт бұрын Францияда халық наразылығынан кейін Үкімет басшысы Эдуар Филипп отставкаға кетуге мәжбүр болды. Туыс-туғаны коронавирустан қайтыс болған француздардың елдің экс-Денсаулық сақтау министрін сотқа сүйреуі жағдайды ушықтырып жібергені белгілі. Қазір бізде де осыған ұқсас жағдай орын алуда, – деп қоғам белсендісі Мұрат Әбенов өзінің Фейсбукатағы парақшасында ой бөлісіпті.   

 

Халық Тоқаевқа сенеді


Дәл қазір біздің елдегі жағдай да мәз емес. Атқарушы биліктің эпидемияға қарсы күресі нәтижесіз болуын ешқандай статистикасыз-ақ байқауға болады.

Орта жолда вирус жұқтырып, қызметінен кеткен Біртанов жіберген қателіктерін әлі мойындаған жоқ.


Меніңше, Біртанов бастаған Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты тұлғаларын Франциядағыдай құқық қорғау органдары тергеуге алу керек!

Мемлекет басшысыт Тоқаев індетке қарсы күресті бір ғана саланың аумағында емес, ауқымды түрде ұйымдастыру керек екенін айтып, қазіргі жүйе қоғамның жаңа талаптарына жауап бере алмайтынын алға тартқан-ды. Осылайша ол билік жүйесіндегі көптеген амал-тәсілдердің ескіргенін мойындады.

Президент бірінші кезекте Мамин үкіметін отставкаға жіберу мәселесін көтергені белгілі. Оның бұл ойын халық бір ауыздан қолдағанын да көрдік. Бұл жайттан осындай қиын кезеңде халық Тоқаевқа сенім артып, оған қажетті құзірет беруді қолдайтынын байқаймыз.

Бұл жайында белгілі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам жақсы айтты.

Ол «Бұған дейінгі тарихқа көз жүгіртсек мұндай көптеген трагедиялық жағдайдың қабаттасып келуі бұрын-соңды болмады. Сол себепті қазіргі жағдай Сізден қатаң әрі шешімді әрекетке баруды талап етеді» деген болатын. Сонымен қатар ол жазбасының соңында: «Халық қолдап отырғанда ешкім Сіздің алдыңызға шығып, кедергі келтіре алмайды» деді.

Өз басым Сейдахмет Құттықадам мырзаның ойымен толықтай келісемін. Өйткені қазіргі таңда орын алып жатқан жағдайдың астарына үңіліп қарасаң, елімізде басқару саласында хаос орын алып жатқанын бірден аңғаруға болады. Мұндай жағдайда халық пен билікті Тоқаев қана біріктіретіні белгілі.

Президент Үкіметті неге отставкаға жібермеді?


Меніңше, мұндай шешім қабылдауға Қ.Тоқаев дайын. Бірақ Президенттің бұл қадамға бармауына не себеп болды? Меніңше, бұл жердегі басты мәселе заңдық және процедурлық жайттарға тіреліп тұр.

Президенттің Үкіметті таратуға құқы бар. Бірақ Тоқаев Мәжілістің келісімімен ғана Үкіметті отставкаға жіберетінін ұмытпауымыз керек.


Заң шығарушы орган маусым айының аяғында кезекті демалысқа кетті, депутаттар енді 1 қыркүйекте ғана жиналады.

Заң бойынша жаңа Үкімет басшысының кандидатурасын Мәжіліс қана бекітеді. Айтпақшы, Мемлекет басшысы жекелеген министрлерді қызметінен босата алады. Ал егер Премьерді қызметінен босатса, тұтас Үкімет мүшелері отставкаға кетуі керек! Сондықтан депутаттардың демалысқа шығып кетуі, Мамин Үкіметіне тағы да мүмкіндік сыйлады десек болады.

Мамин харакири жасай ала ма?


Үкімет басшысы өз еркімен отставкаға кете алады. Бірақ Асқар Мамин қызметінен арыз жазып, кеткен күннің өзінде жаңа Үкімет құрамын жасақтап, бекіту үшін Парламенттің басқосуы қажет.

Үкімет басшысының міндетін атқарушы Премьердің толық өкілеттілігін пайдалана алмайды. Бұдан кейін оның жұмысы да тиімсіз болатыны сөзсіз.


Сондықтан Президенттің сабырлық танытып, шыдауына тура келеді.

Меніңше, Тоқаев Маминге жағдайды реттеуге мүмкіндік берді. Дәл қазіргі кезеңде мұны прагматикалық қадам деп бағалауға болады.

Алдағы уақытта Мамин Үкіметі бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып өздерін көрсететіне үміт артуымызға тура келеді. Өйткені, Үкіметте жағдайды реттеп, өздерінің жұмыс істеуге қабілетті екенін көрсетіп, тарих алдында бет-бейнесін сақтап қалуға күш салуы керек.

Осы ретте кейбір министрлер мен әкімдердің мемлекет мүддесі үшін отставкаға кетуіне болады. Мұны Тоқаев емеурінмен түсіндірген болатын. Жұмыс істей алмасаң – орынды босату керек.  Бірақ біздің шенділер мұндай қадамға өз еріктерімен бара қоюы екіталай. Бәрі соңына дейін креслосынан айырылып қалмауға тырысатыны белгілі.  


Қазіргі ақпарат кеңістігінде бәрі Тоқаевтың жұмысын көрсетуге күш салып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта Мемлекет басшысы Мамин мен оның командасына барынша тиімді жұмыс істеуде талап етуі керек.

Егер Мамин командасы өздеріне жүктелген тапсырманы орындай алмаса, оларды күздің алғашқы күнінде отставка күтіп тұруы мүмкін.

Мұрат ӘБЕНОВ

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x