"Меганы сақтау керек...". Смағұлов мемлекеттен көмек сұрамақ па?

Dalanews 19 нау. 2020 10:16 297

Мега сауда орталығының қожайыны Нұрлан Смағұлов карантин кесірінен қып-қызыл шығынға батарын болжады деп хабарлайды Dalanews.kz.


Бір ай бойы жабық жататын Мега осы аралықта 1,5 млрд теңгеге тарта табыстан қағылмақ. Смағұловтың сары уайымға салынғаны да содан.


- Жалақының өзіне 300-400 млн теңге жұмсап жібереміз. Үш орталықта істейтін мыңға жуық адам осы арадан айлық алып, ас-суын айырып отыр, - дейді кәсіпкер.


Карантин көпке созылса орталықтың саудасы бітуі мүмкін. Смағұловтың мұндай жағдайға арналған қосымша жоспары жоқ сыңайлы.


"Төтенше жағдай тағы біразға созылса осыған дейін атқарған жұмыстың астаң-кестеңі шығайын деп тұр.
Қып-қызыл шығынға батып, жұмысшыларға жалақы төлей алмайтын жағдайға жетеміз. Банктен кредит алуға тура келеді-ау осы. Өйтпеске амал жоқ. Қолдан келер қайран жоқ..." - деп мұңын шағыпты Меганың қожайыны.


Бұдан бөлек сауда орталықтың жұмысшыларына арналған мед.бетперде, дезинфекциялық керек-жараққа жұмсалған 250 млн теңгені және айтып өтіпті.


Сөз ауанына қарағанда Смағұлов банктен несие алуға аса құлшынып тұрмағандай. Осы арқылы кредит төлеу оған да оңайға соқпасын меңзегендей көрінді бізге. Бәлкім мемлекеттен сұрар?..


Үкіметке алақан жаюға келгенде кәсіпкердің азды-көпті тәжірибесі барын білеміз.


2014 жылы дәл осы Меганың құрылысын аяқтауға мемлекеттен ақша сұраған Смағұлов еді. Мемлекет кәсіпкердің бетін қайтарғысы келмей зейнетақы қорынан 15 млрд теңге алып берген-тін.


Смағұлов бұл туралы былай деп ақталған:


"Алғаным рас. Алайда қанша пайызбен алдым? Жылдығы 18,5 пайыз. Бұл өте жоғары мөлшер. Тіпті банктердің пайызы бұдан төмен.


Содан соң зейнетақы қорынан ақша алған жалғыз біз емес. Ақша ма, ақшаны жұмыс істету керек. 15 млрд-ты алып зым-зия жоғалған жоқпыз. 10 млрд-ын қайтардық. Қалғанын екі-үш жылдың айналасында өтейміз".


Сөй деген Смағұловтың жоғары пайызбен берілген ақшаны алмай, неліктен банкке бармағаны әлі күнге түсініксіз.


Айтпақшы ұмытып барамыз. Кәсіпкердің мемлекеттен алған ақшасы бір бұл емес.


Соның алдында Меганың құрылысына деп Ұлттық қордан 36 млрд теңге (3 пайызбен) қарыз алған. Смағұловтың бұған да көңілі толмаған


– Қарыз алғаннан кейін девальвацияға ұрындық. Ақшамыз су боп қалды. Құрылыс компаниясымен жұмысты долларда жүргіземіз деп сөз байласқанбыз. Алған ақшамыз көпке жетпей таусылды. Амалсыз зейнетақы қорынан қарыз сұрадық... – дейді кәсіпкер.


Смағұлов мемлекеттен алған 36 млрд-ты 16 жылда қайтаруы тиіс. Кәсіпкер қарызды 7 жылдың ішінде қайтарып беруге уәде еткен.


2012 жылы Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасы қабылданып, бұл бойынша тағы да сол Мега мемлекеттен 3,1 млрд теңге субсидия алған.


Сол тұста Dalanews-ке сұхбат берген депутат Сабильянов Үкіметтен Меганы субсидиялауды тоқтатуды талап еткен. Смағұлов депутатқа үн қатып, сауда орталығының жұмысына кір жуытпаған еді.


Ұлттық қордан алған қарызды 7 жылда қайтаруға уәде берген Смағұловтың жоспарын Тоқаев жариялаған төтенше жағдай күл-талқан қылған түрі бар. Сөзіне қарағанда кәсіпкер осыдан 4-5 жыл бұрынғы әуеніне қайта басып, қарызды банктен емес, мемлекеттен сұрайтын сыңайлы...


Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x