"Космомол, "жезөкше" және жұмыссыз жастар". Божконың даулы мәлімдемелері

Dalanews 05 қыр. 2019 10:07 206

Карптың баласы Владимир Божко дейтін депутат бар. Тілі мен діні, ділі мен сойы бөтен бұл Божко ел-халықтың арасында сүйеудей сүйкімі бар саясаткерлердің сортынан емес. Ол анық.

 Ала жаздай демалған депутаттардың Парламент партасына оралғанына да апта болған жоқ. Жаңағы Божко кеше кекірейе сөйлеп, көптің ашуын туғызды. «Халық тізерлеп тұрып мемлекетке алғыс айтуы керек» деді.

Сөзін бұрмалап, сынықтан сылтау іздеді демеңіздер, міне өз сөзі:

«Сіздер биліктің не істеп жатқанын түсініп, көзбен көрулеріңіз керек. Дәлел керек пе, бір ғана көрсеткіш бойынша халықтың әлеуметтік қолдауы үш жылда 17 есеге өсті. Кешіріңіз, бірақ сол үшін  тізе бүгіп, мемлекетке алғыс айту керек. Егер адам ештеңе бітірмесе, өзіне бәрін беруіне талап етсе, мұндай адамды тоқтататын, қораға тығатын қоғамдық пікір болуы керек», – деді Божко.

Қалың бұқараны «қораға тыққысы» кеп қомпаңдап жүрген Божко қоралы қойдай үйірілген Ассамблея дейтін алаөкпе ұйымының өкілі. Кешегі сатырала-сатпақ сөздерді де сол ұйымның Кеңейтілген отырысына барғанда айтыпты.


«Елде әлеуметтік қолдау жолға қойылған, алғашқы уақытқа қарағанда әжептәуір өсім бар. Үкімет түк бітірмей отырған жоқ» десе және бір жөн.

Жоқ, өліп қалған өгей өкіметтің (КСРО-ның) таяқты тәрбиесі саналарына әбден сіңіп, емсіз індетке айналғанын және бір рет білдірген әлгі Божко ел-халыққа, мына сіз бен бізге, әуелі өз электоратына әкіреңдеп сөйлеп, әдебінің әлеуетін танытты. Ұзақ жылдан бері мемлекеттік кадр резервінен айрылмай келе жатқанына қарағанда, Божкоға Ақорда аса мұқтаж шығар, алайда ақылды деуге аузымыз бармайды.  

Бұл Божко кім? Қайдан шыққан әлеует? Ол қалай депутат болды? Божконың ел-жұртқа әйдіктенген әйгілі сөздері қандай? Шолып шығайық.

Божко Владимир Карпұлы


Алматыда туған. Биыл 70 жаста. Өзі зейнеткер. Әскери салада ұзақ жыл қызмет етті. Әскери атағы – генерал-лейтенант. Кезінде министр, кіші министр болған Божко қазір депутат. Парламентте де вице-спикер болған.

2 орден, 43 медалі бар Божко қай соғыстың ардагері?


Қай соғысқа қатысқанын қайдам, әйтеуір кәстөмінің кеудесі темір-терсек, орден-медальға толған бұл «батырдың». Отанға өзгелерден өзгеше үлес қосқан Володя ағай I дәрежелі «Барыс», II дәрежелі «Айбын» дейтін ордендермен, олардан бөлек, Совет Одағының, Қазақстанның және шетелдің 43 медалімен марапатталған екен, пәлі!

Өзі тағы ғылым докторы. Заң ғылымының кандидаты. Сөйтіп жүріп, монография жазған. 33 мақала, 14 ғылыми-әдістемелік жазған.


Кеудесін көмкерген сары-ала сөлкебайлар мен жүріп өткен еңбек жолына қарасаңыз, бұл Божко барып тұрған «супер-герой». Солай ма? Ендеше, жұрт неге оны «апат адам» деп жүр?

Өйткені Владимир Божко Төтенше жағдайлар жөніндегі шаруашылықты тізгіндеген жылдары көлденең кесапат көбейді. Әрине, «әдейілеп» істеген жоқ. Алайда бұл салада Божконың жолы болмады. Ісі өнбеді. Әйткенмен, біздің Володя ағай өзіне сеніп тапсырылған істің орайын таба алмағанына өкініп, қабырғасы қайысқаны шамалы. Қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ. Барлығын табиғаттың тосын мінезіне теліп қойып, алшаң басып, ақырып сөйлеп әлі жүр, әне.

Божко – апат адам


Есімізде. 2010 жыл. Қызылағашта шетін оқиға болып, топан су түгел ауылды шайып кетті. Әбден ескіріп, жөндеу көрмеген, онысымен қоймай жекеменшікке берілген бөген үш күндік жауынға төтеп бере алған жоқ. 42 миллион текше су жинауға қауқарлы бөгенге 48 миллион текше су толғанда, түн іші арнасынан асып-тасты. Ресми мойындалғанын айтсақ, 45 адам қаза бапты. Олардың 12-сі бала-шаға еді. Басқасын қойғанда, Қызылағаштағы жан түршіктірер, жүрек ауыртар жағдайды Мемлекет басшысы адами фактордың жауапсыздығынан деп таныды. Бірлі-жарым адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны болмаса, Владимир Божко қызылсудан құрғақ құтылды. Әйтпесе, ол кезде Божко Төтенше жағдайлар министрі еді ғой. Жауапкершілік әуелі тікелей Божконың мойнында еді.

Арысын айтпағанда, 2015 жыл. Алматыда сел жүрді. Қарғалы өзені арнасынан тасып, ағайын-жұртты әбігерге салды. Тағы да табиғат кінәлі болып шықты. Қарғалы өзенінің арнасынан асып-тасуына Алматының аспаны кінәлі екен. Шілде айы болған соң шіліңгір түсіп, ыстық буған. Бұл не деген бассыздық, Құдай-ау! Айтпақшы, бұл кезде де Божко Төтенше жағдай жөніндегі жауапты органды басқарып тұрған. Қойшы, әйтеуір, бұл мырзамыз су жұқпастың нақ өзі болып шықты.

Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуына комсомолдардың қосқан үлесі көп!


Бұл Божко советсүйгіштердің сортынан, айтпақшы. «Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуына комсомолдардың қосқан үлесі көп!» деп сөйлеп, Тәуелсіз Мемлекеттің Парламенті мінберінен сөйлеген. Есімізде!

2018 жыл 29 қазан.

«Бүгінде Қазақстанның Тәуелсіздік алу кезеңі мен 27 жылдық даму кезеңі туралы айтқанда, оған елеулі үлес қосқан бұрынғы комсомолдар екенін ескергеніміз жөн болар. Бұрынғы комсомолдар, комсомол мектебінен өткендер, комсомол сапында өскендер, соның сапында жүріп саяси, шаруашылық және ұйымдастырушылық тәжірбие жинағандар дербес Қазақстанды құруда үлкен жұмыстар жасады. Осы залда отырғандардың барлығы дерлік сол мектептен өткендер. Осыны және біздің жас күніміздің жақсы істері туралы еске алғым келеді», – деп сөйлеген, біздің депутат.

Бұл ғана емес. Владимир Божко қайсыбір жылы украиналық саясаткерді «жезөкшеге» теңеп, өзінің про-ресейшіл позициясын байқатқан. Е, 2016 жыл тұғын.

«Я очень хочу, чтобы история разобралась с той же шалавой, с Фарион…, которая заявляла, что тот, кто разговаривает на русском языке… являются недочеловеками», – деген еді.

Білдей бір мемлекеттің азаматын, онда да саясаткерін «шалава» деп сөккен шала сауатты депутат кейін бұл сөзі үшін кешірім сұраған. Мейлі ғой, дегенмен бұл да біздің депутаттың саясаткер ретіндегі образын ашып бергендей болды.

Онан кейін, 2017 жылы «ауыл-ауылдан күнкөрістің қамымен қалаға ағылған жұрттың көшін тоқтату керек» деп сөйледі. Мұнысы, «ауылдағыларды қалаға келтірмейік» деп естілді. Сол үшін де әлеуметтік желі қолданушылары Божкоға шүйлікті.


«Тоз-тозы шыққан ауылдан қалаға қашып келіп, мұнда лайықты деңгейде жағдай жасай алмаған, наразы жастар – Қазақстанның тыныштығына қауіп келтіреді», – деді Божко (Озлобленность сельской молодежи, уезжающей в города из депрессивных аулов и не встречающей на новом месте достойных условий, угрожает стабильности в Казахстане).

Кейін өз сөзінің бұрмаланғанын, айтпақ ойы басқа болғанын айтып ақталған болды. Божко мырза ауылды абаттандыру, инфрақұрылымдарды жаңарту керек дегенді бейсауат жеткізді деп ақтасақ та, ауылдағы ағайынның көшін, урбанизацияны тоқтатамыз деуі – утопия, дискриминация. Жә, одан да өттік.

Ал енді кешегі «халық мемлекеттің алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрауы керек» деп кекірейгіні – кәсібиліктен бұрын адами этикаға жатпайтын, тұрпайы, бейсауат һәм бейәдеп әңгіме!


 Сондықтан да әлеуметтік желі қолданушылары Божконың өз еркімен депутаттық мандатын тапсыруын, ел-халықтан «тізерлеп» кешірім сұрауын талап етуде. Әрине, қоғамның бұл талабы орынды. Онсыз да күн санап алшақтап бара жатқан билік пен халықтың арасын Божко секілділердің осындай былапыт сөздері сынадай жарып, алшақтаған үсті алшақтауына себепші болары анық!

Аль ФРЕДО




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x