Сағынтаевтың сөзінен не түсіндік?

Dalanews 21 мам. 2016 13:58 151

Мәсімовтің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысын қорытындылады.

"Жер сатыла ма, сатылмай ма, сатылса қандай жағдайда сатылады деген сұрақтар қойылды. Тағы бір жағдай - комиссия мүшелері Қазақстан азаматтарына жерді сатып қана қоймай, жалға беру туралы норманы қалдыру мәселесін де қозғады", - деді Сағынтаев.

"Бірден шешім қабылданбайтыны түсінікті. Өңірлерді аралаймыз деп келістік. Халықтың пікірін тыңдап, ұсынысымызды ары қарай Парламентке беру үшін пысықтаймыз", - деді ол.

Сағынтаевтың айтуынша, отырыс барысында жерді қазақстандықтарға тегін беру мәселесі де қарастырылған. Ол бұл сұрақтың жұмыс топтарының отырысы барысында қарастырылатынын жеткізді.

"Комиссияның 38 мүшесі өз ойларын жеткізді. Ең басты сауал – жерді сатуға жол бермеу. Екіншіден, ол сатылатын болса, қалай сатылады. Аталған мәселе бойынша ой-пікірлерді тыңдадық, штаб пен хатшылық оларды сараптайтын болды және әрі қарай жұмыс тобында талқыланады. Жер қалай сатылады, қандай көлемде, шешімді кім қабылдайды. Егер мұны бір адам шешсе, бұл алаңдаушылық туғызады, қоғам мұны түсінбейді. Сатылатын жер әкімнің немесе өкілетті тұлғаның шешіміне байланысты болмауы керек. Шешімді қоғаммен бірге қабылдаған жөн. Егер қоғам қарсы болса, ендеше сатылмауы тиіс. Сондықтан да құрылған жұмыс тобында отырыс барысында айтылған пікірлерді жіті сараптауды сұраймын.
Келесі отырыста біз жерді шетелдіктерге жалға береміз бе, бермейміз бе, соны талқылайтын боламыз. Содан кейін, осы үлкен екі тақырып айтылып, талқыланып біткеннен соң халыққа шығатын шығармыз, ол үшін де өзіміздің позициямыз, ұсынысымыз болуы керек. Ондай ұсыныс болмаса жай халыққа бару қисынсыз, олар да бізден ұсыныс күтіп отыр", - деді Сағынтаев.


Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында жұмыс топтарының жетекшілері сайланды. Экономикалық мәселелермен Ақылбек Күрішбев (Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры), құқықтық мәселелермен - Мұхтар Тайжан, жер реформасын түсіндірумен - Мұрат Әбенов, рәсімдердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етумен Дос Көшім айналысады.

 

Дереккөз: tengrinews.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x