17 миллион халықты асырау қиын ба?

Dalanews 18 мам. 2016 22:09 248

Бізде бəрі бар дейді. Анығында түгіміз жоқ. Сенбесеңіз тұрмысымызға қараңыз. Рас, жеріміздің асты да, үсті де астатөк байлық. Менделеев кестесіндегі алуан түрлі қазба байлықтың түгелге жуығын Қазақстаннан табуға болады-мыс. Білетіндер солай дейді.

Соған қарамай Үкімет 17 млн. халықты асырай алмай отыр. Анығында 17-ақ млн. Əлемнің ең ірі астаналарында осынша халық тұрады.
Сонда біз неге байи алмадық? Дамыған, байыған елдердің қатарына қосылатын мүмкіндігіміз де, əлуетіміз де бар еді ғой? Əлде барды ұқсата алмадық па? Жоқ, барды ұқсатқандар болды. Бірақ, бұл байлық, əсте, халыққа бұйырған жоқ. 
Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан қалай тоналса, қазір де солай талан-таражға түсуде...  Соңғы 10 жылда Қазақстаннан екі Ұлттық қордың ақшасына пара-пар қаражат сыртқа ағылыпты. Нақтыласақ, 2003-2014 жылдың аралығында 167,4 млрд долларды құрайтын заңсыз ақша шетелге кеткен. Әрине, өз аяғымен емес, қожайыны тасыған. Халықтың көзінен тасалап...Ал Ұлттық қордағы ақша ең толды дегенде 76 млрд-тан әзер асқан екен. Көрдіңіз бе? Біз тоқтаусыз тоналу үстіндеміз.

[caption id="attachment_15854" align="alignleft" width="217"]Karim Massimov, Dalanews Мәсімов, Dalanews[/caption]

Үкімет ақылды болса 17 млн. халықты асырау қиын емес еді.
Бір ойшылдың былай дегені бар: Ақылды үкіметтің негізгі мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту.
Алайда, ақымақ үкімет бәрін керісінше істейді, өзі қайыршының жағдайына түсірген қоғамның ішінде қатал тәртіп орнатқысы келеді. 
Рас па? Рас. Халықтың тұрмысы түзу болса мұндай мақалалар жазылмас та, оқылмас та еді ғой, солай емес пе? 
Дəл қазіргі Қазақстанда өмірдің қызығын көру деген түсінік жоқ, өкінішке орай. Керісінше, күнкөріс үшін күрес қана бар. 
Іздену, өз-өзіңді дамыту, дамыған елдердің тұрғындары құсақты
əлемді аралау деген ұғымдар бізге əлі де таңсық жəне əлі де жат. Өйткені, бұған да жағдай керек. Ал біздікі ше? Тамақ табу, жанталасу, жаға жыртысу...
17 млн. халықты асырай алмай отырған Үкіметіміз сондай дархан. Оған құны бірнеше миллиард теңгеге шығатын даурықпа додаларды өткізу түк те емес. Демек, біз жай ғана кедей емеспіз, дарақы кедейміз. Дарақы кедейдің мырзалығына бір жағынан күлкің, енді бір жағынан жылағың келеді. 
Қазақстанның қазіргі жағдайы үкіметтің осы уақытқа дейін түк бітірмегенін аңғартатын сияқты ма, қалай? 
Біреуден озған дəнеңеміз жоқ екен. Керісінше, қалып қойыппыз. "Əлемдік өлшеммен салыстарғанда Орта Азия əлі де болса "орта ғасырларда өмір" сүреді", (Бжезинский).
Мұнайдан түскен табысқа дандайсығанымыз соншалық, өндіріс, өнім өндіру деген мəселелер мүлде атаусыз қалыпты. Ұмытылыпты. Ал ашылып жатқаны əншейін көз алдау екен. Өндіріс аяғынан тұрмақ түгіл, орнынан қозғалмапты да. 
"Қазақстанда жіп сабақтайтын ине тұғылы, түйме өндірілмейді" деген сөз содан қалған, бəлкім. 
Көп асқанға – бір тосқан дейді. 
Құнынан айырылған қара алтынның "арқасында" аспаннан жерге түстік. Мұны мойындағымыз келмейді, бірақ. Кім екеніміз, міне, осы кезде білінді. 
Үкімет айтатын дамудың даңғыл жолындағы Қазақстан анығында мұнайға тəуелді көп мемлекеттердің бірі ғана екен.
Мұнайдан басқа сенері жоқ. Мұнайдан басқа күнкөрісі жоқ. Осы уақытқа мұнайдың арқасында битіміз семіріп келіпті. Анығында, сыртымыз бүтін, ішіміз түтін ел екен. 
Бұдан келіп Үкімет 17 млн. халықты қалай асырайды? 
Шындап келгенде, елді бүгінгі жағдайға жеткізген Үкіметтің өзі емес пе? 
Мұндай жағдайда Қазақстанның барлық сəтсіздіктерін əлемдік дағдарыстың мойнына арту қаншалықты қисынды? Кінəліні шеттен іздегенше, Үкіметке алдымен өзінің əрекетіне есеп берген жөн шығар...

Аль Фредо





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x