Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған баланың атышулы ісі туралы пікір білдірді.
«Мемлекеттік қызметке лайықты адамдардың келуі және лайықты түрде ілгерілетілуі үшін кез келген субъективизмді жою қажет. Мұнан басқаша болмауы тиіс. Жария түрде де айта аламын. Кеше Қауіпсіздік Кеңесінде де айтқан едім.
Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары баланы зорлаған.
Соның төңірегінде қандай әуре-сарсаң басталды десеңші. Ешкім таба алмады, дәлелдей алмады. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені тізбектің барлық жерінде туған-туыстары отырған: полиция, жоғары орган, одан жоғары органда да туған-туыстар. Барлығы да бұл істі жабуға тырысып бақты", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еске салайық, ОҚО-ның Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында сексуалдық зорлық болды деген мәлімет Желіде наурыз айында пайда болған еді. Ал жоғары сыныптағылар топ болып зорлады деген күдікке ілінді. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланған болатын.
Дереккөз: ult.kz