Израиль Иранға қарсы әуе шабуылын жасады

Сағыныш Сардарова 26 окт. 2024 10:40 4526

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) еврей мемлекетіне жасалған шабуылдарға жауап ретінде Ирандағы әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Иран режимінің Израильге бірнеше ай бойы үздіксіз шабуылдарына жауап ретінде дәл қазір Израиль қорғаныс армиясы Ирандағы әскери нысандарға соққы жасап жатыр", - деп жазылған Израиль қорғаныс армиясының ақпаратында.

Ирандағы нысандарға соққы жасалғаны туралы ақпаратты Израильдің ресми мемлекеттік Kan телерадиокомпаниясы да растады.

Израиль қорғаныс армиясының өкілі Даниэль Хагар да Израиль авиациясы Ирандағы әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеп, қажет болған жағдайда осы оқиғалар туралы халықты хабардар етуге уәде беріп, арнайы бейнехабарлама жариялады.

Sky News Arabia мәліметінше, Израиль шабуылдаған Ирандағы орындардың бірі баллистикалық зымырандарды ұшыруға арналған әскери база болды.

CBS News Израильдің Иранға жасаған шабуылы тек әскери мақсаттармен шектелгенін, ядролық немесе мұнай нысандарына таралмағанын хабарлады.

Jerusalem Post газетінің мәліметінше, Израиль Иранға шабуыл кезінде 100-ден аса ұшақты жұмылдырған.

"Иранға екі мың шақырым қашықтағы шабуылға 100-ден аса ұшақ, соның ішінде ең жаңа F-35 жасырын жойғыш ұшағы қатысты", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін ирандық БАҚ Тегерандағы жарылыстың дауысы туралы хабарлаған болатын.

Ал Иран армиясының қолбасшылығы Тегерандағы шабуылдардың көпшілігі сәтті тойтарылғанын, барлық әуе нысаны атып түсірілгенін мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости