Ираннан 100-ден астам адам Түрікменстан арқылы кетіп қалды: арасында қазақстандықтар да бар

Көркем Алдабергенова 16 июн. 2025 10:26

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Түрікменстан өз аумағын Ираннан шетелдік дипломаттар мен азаматтардың шығуына пайдалануға рұқсат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елдің шекаралық бақылау бекеттері арқылы қазіргі уақытта Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдердің шамамен 120 азаматы эвакуацияланған. Оларға гуманитарлық көмек көрсетілген.

Түрікменстанның Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, Таяу Шығыста қалыптасқан ахуалға байланысты Иран аумағында жүрген шетелдік дипломаттар мен олардың отбасыларына, сондай-ақ басқа да азаматтарға Түрікменстан аумағы арқылы шығуына жедел мүмкіндік беріліп отыр.

"Бүгінгі күнге дейін Түрікменстанның шекаралық бақылау-өткізу пункттері арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдердің шамамен 120 азаматы мемлекеттік шекарадан өтті", – делінген хабарламада.

Келген азаматтарға автокөлік, тамақ, қонақүй қызметі және алғашқы қажеттіліктерге арналған заттар ұсынылған.

Сонымен қатар, Түрікменстан бұл гуманитарлық миссияны жүзеге асыру барысында шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен және халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеп отырғанын мәлімдеді.

"Бұл тұрғыда Түрікменстан БҰҰ Бас Ассамблеясы Түрікменстан бастамасымен жариялаған Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылы аясында гуманизм, халықаралық ынтымақтастық және тату көршілік қағидаттарына берік екенін нақты іспен дәлелдеп отыр", – деп толықтырды министрлік.


Рекомендовать
Последние новости