Сот Қызыл кітаптағы қызғалдақпен суретке түскен әкімге қатысты шешім шығарды

Көркем Алдабергенова 12 июн. 2025 19:00

Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскені үшін сынға ұшыраған ауыл әкіміне қатысты іс бойынша сот шешімі жарияланды. Әлеуметтік желіде дау тудырған сурет WhatsApp-тағы статусқа қойылған. Айта кетейік, бұған дейін Шымкент тұрғыны «Қызыл кітапқа» енген гүлдерді жұлғаны үшін миллиондаған теңге айыппұлмен қорқытылған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұғалжар ауданы Құдайберген Жұбанов атындағы округтің әкімі Ляззат Бердібаеваға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігі – «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы» бабы бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа берілген. Себебі әкім бұл гүлдерді өзі емес, балалары жұлғанын, ал өзі тек олармен бірге суретке түскенін айтқан. Осыған байланысты, әкімнің қызғалдақтың «Қызыл кітапқа» енгенін түсіндірмегені үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Алайда сот барысында қызғалдақтарға сараптама жасалмағаны және олардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан өсімдіктер қатарына жататыны ғылыми түрде дәлелденбегені анықталды. Сот бұл бойынша ботаникалық сараптама тағайындады. ҚР Ботаника және фитоинтродукция институты Бердібаеваның балалары жұлып алған гүлдердің сирек әрі жойылып бара жатқан өсімдіктер қатарына жатпайтынын хабарлады. Істің мән-жайын толық анықтау үшін келесі сот отырысы оқиға орнында – Қандыағаш бағытындағы тас жол маңындағы далада өткізіледі деп шешілді. Әкімнің айтуынша, отбасы 19 сәуірде осы жерде демалып жүрген кезде суретке түскен.

Ұзақ талқылаудан кейін 12 маусым күні сот әкім Ляззат Бердібаеваға қатысты әкімшілік істі тоқтатты. Себебі оның әрекетінен құқықбұзушылық құрамы анықталмаған. Судья Айпатша Мусина полиция қызметкері хаттама толтырғанымен, құқықбұзушылықтың нақты орны анықталмағанын және іс материалдарында заң бұзылғанын дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ екенін айтты. Соттың бастамасымен ботаникалық сараптама жүргізіліп, оқиға орнына шығу арқылы тексеру жүргізілген. Хаттамада Қандыағаш – Жұрын тас жолының маңы көрсетілгенімен, құқық қорғау органдары бұл жерге бармаған. Іс материалында жалғыз ғана фото бар, ал мамандар сол сурет арқылы қызғалдақ түрін анықтай алмаған.

Сот Ақтөбе облыстық полиция департаментіне жеке қаулы шығарды.


Рекомендовать
Последние новости