Кейінгі кезде Қазақстанда блогерлік деген бетпердені жамылып, бопсалау, қорқыту арқылы пайда тапқысы келетіндерге күрес күшейген. Біраз уақыттан бері құқық қорғау органдары әлеуметтік желідегі жүгенсіз әрекеттерге нүкте қоюға кіріскен.
Блогерлік – беделді құрал, бірақ оны қысым мен пайда көзіне айналдырғандарға кешірім жоқ. Мұның дәлелі - біраз уақыт бұрын Алматыда ұсталған блогерлер мен күні кеше Шымкентте ұсталған блогер. Бұл бағытта сарапшылар не дейді? Dalanews.kz арнайы пікірін білді.
Блогерлер "табыс табудың" тағы бір жолын тапты ма?
- Алматыдағы жағдай
Биыл 23 қаңтарда полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша Алматыда кәсіпкер мен екі блогерді ұстады. Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоқы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ, олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған.
Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін олар Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов екені де айтылды. Сонымен қатар, блогерлер екі айға қамалды.
- Шымкенттегі жағдай
Кеше Шымкентте мұғалімді бопсалаған блогер қамауға алынды. Қаладағы мектептердің бірінің қызметкерінің арызы бойынша Полиция департаменті ірі көлемде ақша бопсалаған күдіктіні ұстады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес күдікті өзінің медиа танымалдылығын пайдаланып, жағымсыз ақпаратты жариялаймын деп қорқытып, 1,2 миллион теңге талап еткен. Бұл жайт бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлеужелідегі әлеуетті бопсалауға пайдалану: Депутат пікірі
Депутат Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желі мен блогерлер мәселесін біраз уақыттан бері Мәжіліс мінберінде көтеріп жүр. Бұған дейін де ол блогерлер мен "инфосығандардың" дәурені жүріп тұрғанын, халық бұдан мезі болғанын айтып, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдаған еді.
Ішкі істер министрлігінің күресі күшейген тұста депутаттан тағы бір мәрте пікір сұрауды жөн көрдік. Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, әлеуметтік желі бүгінде қоғамның бөліп тастауға келмейтін бір бөлшегіне айналып кеткен. Ол сөз басын желінің осыншалық дамуының қоғамға жағымды және кері тұстарынан бастады.
"Әлеуметтік желінің жақсы тұстары да көп. Қазір әртүрлі мақсатта, сауда-саттық, ақпараттандыру, елді ағарту мақсатында пайдаланып жатыр. Блогерлік те қатар дамыды, кәсіпке айналды. Бірақ осы дүниені сауатты пайдаланып жатқан азаматтар да бар, заңсыздыққа жол беріп жатқандар да бар. Коучтар, психологтар, нумерологтар көбейіп кетті. Солардың қаптауына қатысты сауал көтергенмін. Азаматтар алаяқтық схемаларға түсе бастады. Бопсалау бір бөлек. Ал енді "өміріңді бақытты етемін", "қарызыңнан құтқарамын", "түп санаңды оятамын" деген неше түрлі жақсы-жақсы лозунгтар ойлап тауып, елді соған тартып отыр. Көп жағдайда олардың беріп отырған өнімдеріне жарнамалары сай келмейді. Ол жерде арнайы мамандар отырған жоқ. Мысалы психологиялық көмекке әрбір адам мұқтаж болуы мүмкін. Бірақ ол жерде психолог емес, коуч сабағын өтіп алған, жақсы сөйлейтін біреу отыруы мүмкін. Кейін бәріне ортақ сабақ береді", - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл шынайы мамандардың көлеңкеде қалуына да әкеп соғады.
"Тіпті адамдар осыған несие алып, қатысып жатыр. Бұл әлеуметтік мәселеге айналып отыр, адамдар қарызға жаппай кіріп кетуіне де себеп болып отыр. Сол тұрғыдан мұны көтергенмін. Кейбір отбасылар сол коучтардың айтқанымен жүреміз деп шаңырағы ортасынан түскен мысал өте көп. Осы депутаттық сауалды көтергеннен кейін көп азамат жекемізге жазды. Біз оны ұсыныс ретінде енгіздік, шешетін атқарушы билік емеспіз. Бірақ азаматтар көп хабарласты. "Алдап кетті, күткен нәтиже болмады" дегендей, бір жағынан тұтынушының құқығы да бұзылып тұр", - деді ол.
Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, мұндай адамдар көбіне онлайн маркетингтің тілін үйреніп, қыр-сырын меңгеріп алады, сөйтіп адамдарға өтетін сөздер, бірден жалт қарататын лозунгтар, ұрандар арқылы таргет таратып, адамдардың сеніміне кіреді.
"Былайша айтқанда, саудагер деп айтсақ болады, бәріне топырақ шашпаспыз. Ішінде нақты мамандар да бар шығар. Сондықтан осы мәселеге бір бақылау күшейтілсе деген ой болды", - дейді ол.
Депутат блогерлік арқылы бопсалаумен айналысатындар турасында да пікір білдірді. Мұндай "блогерлер" шенеуніктерге де "қырғидай тиеді екен".
"Расымен, кейбір жергілікті әкімдіктерді, атқарушы билік өкілдерін қорқытып-үркітумен айналысатындар, қит етсе тырнақ астынан кір іздеп, "ана былығыңды білемін, мына былығыңды жариялаймын" деген сияқты дүниелермен тікелей бопсалауға көшіп алғандар туралы да естиміз. Бұл белгілі бір деңгейде жергілікті атқарушы билік толыққанды жұмыс істеуіне кедергі болады. Олар көп жағдайда нақты жұмыспен емес, жаңағы шуды басумен айналысып кетіп жатқан мысалдар бар. Бұл да бопсалаудың бір түрі. Ақша талап етпеуі, бірдеңе сұрамауы мүмкін, бірақ сондай бір дүниелер арқылы қарым-қатынас құрып, кейін өз мәселелерін жеке бастарына шешіп алуға пайдаланатын тәсіл. Сондықтан мұндайға да жол беруге болмайды", - деді ол.
Жарқынбек Амантайұлы кейбір блогерлер қауіпті тақырыпты қозғап, сан соғып қалатынын да айтты.
"Өкінішке қарай, кейбір блогерлер, елге танымал блогерлер ұлтараздығын да қоздырып жібереді. Әлеуметтік желіге жыл өткен талаптар күшейіп келе жатыр. Былтыр онлайн платформалар, онлайн жарнама туралы заң қабылданды. Соның аясында да біраз жауапкершілік күшейді. Біреу білмей, біреу қасақана, біреу енді жастық, кім біледі біреудің сойылын соғып, әртүрлі жағдаймен осындай болып жатады. Бір рет, екі рет сондай жазбалары ың-шыңсыз өтіп кеткендей болады, үшінші жолы құқық қорғау саласының өкілдерінің назарына ілігеді. Оның соңы жақсылыққа апармайды", - дейді депутат.
Мәжіліс депутаты ашық бопсалау жайлы да сөз қозғады. Алайда депутат құзырлы органдар тарапынан заңға сәйкес жұмыс істеліп жатқанын айтып, кейде мәселе күшейген шақта ғана заңды өзгерту керек деген бастама көтеру дұрыс емес екенін жеткізді. Жарқынбек Амантайұлы заң әлсіз болса ғана өзгерткен дұрыс екенін айтты.
"Одан кейінгі дүние - ашық бопсалау, аудиторияның күшімен ақша талап ету. Бұл да белгілі бір деңгейде кәдімгі үлкен қылмыс. Бұл - адамның құқығына, тек материалдық емес, моральдық құқығына жан-жақты қысым жасау деген сөз. Сондықтан бұл заңсыздықтарға жауапкершілік қарастырылған. Біз кейде резонансты іс болған кезде заңға өзгеріс енгізу керек деп шығамыз ғой. Негізі резонансты істердің аясында заңдарды өзгерте беруге болмайды. Резонансты істердің аясында заңымыз солқылдақ екені көрінсе, онда әңгіме бөлек, қарастыруға болады. Бірақ заң жұмыс істеп жатыр, заң анықтап жатыр, жауапкершілікке тартып жатыр. Кейде біздің құқық қорғау саласының, сот барысының объективті болуына кедергі келтірмеу керек", - дейді ол.
Жарқынбек Амантайұлы мұндай әрекетке кейбір азаматтар құқықтық жағынан сауат жетпегенінен баратынын да жеткізді.
"Әлеуметтік желіде әлеуетін пайдалану кәсіби журналистерде сирек кездеседі. Кәсіби журналистер ондайға бармайды. Бұл бүгінде жаңа форматқа, онлайн форматқа ауысты. Белігілі бір деңгейде сауаттың да төмендігі ғой, шынын айтқанда. Оңды-солды пайдалануға болады екен деп ойласа керек. Бір-екі рет біреулерге соқтығып көреді, олардан ешқандай қарсы әрекет болмайды. Ал сосын ұрынатын жағдай болады. Сондықтан жауапкершілікті халық сезінуі керек деп ойлаймын. Қолданыстағы заң жеткілікті. Алайда кейде министрлік тарапынан, құқық қорғау органдары тарапынан белгілі бір деңгейде мониторинг аз болып жатуы мүмкін", - деді ол.
Депутат әрбір азамат жауапкершілікті сезінуі үшін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын, дегенмен алда да бопсалаудың артында үлкен салдары барын, әлеуметтік желідегі әр әрекет бақылауда екенін халықтың есіне салып тұру керек екенін айтты.
"Әлеуметтік желідегі жауапкершілікті жол ережесін түсіндіргендей түсіндіру керек деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін ол.
"Бопсалау - қылмыс"
Жауапкершілік демекші, бопсалау үшін қандай жауапкершілік көзделгенін де анықтадық. Полиция қандай да бір қысым көрсету, қорқыту және бопсалау әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша саралануы мүмкін.