И. Бродский: Сұқ саусағыңызға абай болыңыз!

Dalanews 24 апр. 2016 21:39 937

Әйдік ақын, Нобель сыйлығының иегері И. Бродский Мичиган университетіінң студенттеріне арнаған сөзінде өзінің ішкі принциптері мен қоғамдық қағидалар туралы түйгендерін жеткізеді. Оның тапқырлықты емес, әдебиеттегі һәм өмірдегі шынайылықты жақтаушы әрі өзінің қағидаларын өле-өлгенше қорғаушы бірегей тұлға екенін ескерсек, төмендегі шағын арнау сөзінен қажетті көп дүниені аңғару қиын емес.

 Қазір еститіндеріңізді Синай тауының шыңы емес, бірнеше мұздықтың төбесі ғана деп ұғарсыздар. Мен Мұса (ғ.с.) емеспін, сіздер де ескі замандағы еврейлерге ұқсамайсыздар. Бұл − Калифорния маңында сарғыш дәптерге түскен ретсіз шимайлар ғана.

brcatҚаласаңыз, естімегендей болыңыз, қажет болса, келіспеуге құқыңыз бар, басқаша мүмкін болмаса ұмытыңыздар: онда міндеттелген ештеңе жоқ. Егер мұның ішінде әлдене әжетіңізге жараса, қуаныштымын. Жарамаса, оған ашулана қоймаспын.

  1. Қазір де, кейін де тіл ұшындағы сөздің дәлдігіне мән берген жөн-ау деймін. Сөздік қорыңызды көбейтуге тырысыңыз және оған банктегі есепшотпен бірдей қараңыз. Мақсат шешендік өнеріңізді байқату, немесе сізді табысты қызметкер, я зиялы ақылгөй қылу емес – дегенмен уақыт өте ол да мүмкін. Мақсат − өзіңізді неғұрлым анық және толық ұғындыру, бір сөзбен айтқанда – сіздің жан-дүниеңіздің тепе-теңдігі. Өйткені айтылмаған, формасын таппаған ой мен сезім неврозға әкеледі.


Күн сайын адамның жан-дүниесінде қаншама нәрсе құбылып тұрады, бірақ оны жеткізудің жолы біреу ғана. Атауын таппаған сезіністер, толғаныстар, бояулар, ойлар − қордалана келе психологиялық күйзеліске, ғұмырлық сәтсіздікке жетелейді. Мұны болдырмау үшін кітап кеміру міндетті емес.

Жай ғана сөздік сатып алып, күн сайын оқу керек, ал кейде – өлең кітабын. Олар айтарлықтай қымбат емес, ал ең қымбаттарының өзі (лупа қосып беретіндері) психиатрдың қызметінен арзанға түседі.  Егер қалай да психиатрға барамын деп шешсеңіз, «сөз маскүнемдігі» деген симптоммен барған жөн.

  1. Қазір де, кейін де ата-анаңызға мейірімді болуға тырысыңыз. Оларға қарсы шықпауға әдеттеніңіз, себебі Құдай біледі, ата-анаңыз сізден бұрын қайтыс болуы ықтимал. Яғни өзіңізді азадан болмаса да, өкініштен құтқара аласыз.


Егер біреуге қарсы шыққыңыз келсе, жаны соншалықты жеңіл жараланбайтын нысан таңдаңыз. Әкеңіз бен шешеңіз (бауырларыңыз, әпке-қарындастарыңыз бен жұбайыңыз сияқты) - тым жақын нысана. Мұндай қашықтықтан дөп тигізбеу мүмкін емес.

  1. Саясаткерлерге тым сене бермеуге машықтаныңыз. Саясаткерлердің бәрі ақылсыз не пасық болғандықтан емес (көбінде солай болады да), оларға артылған жұмыстың ауқымы ең жақсылары үшін де, бір партия, доктрина, тіпті жүйе үшін де тым көп болғандықтан.


Дүние мінсіз емес; Алтын ғасыр ешқашан болмаған, болмайды да. Бұл әлемде болатын бір ғана өзгеріс – ол ұлғая түседі, яғни өлшемдері өзгермесе де, адам саны көбейе береді.

  1. Жұрттан бөлектенуге тырыспаңыз, қарапайым болыңыз. Біз қазір де көппіз, жақын арада тіпті көбейе түсеміз. Жылы орынға талас барысында міндетті түрде біреу жапа шегеді. Біреудің аяғын басуға тура келгені – оның басына шығу керек деген сөз емес.


Оның үстіне мақсатқа жеткенде сіз көретін бір-ақ нәрсе: жылы орынға жайғасқан,  бірақ «қалай болар екен» деп ертеңіне алаңдаулы адамдар ғана. Ең дәулетті және атақты жандар да осы «қалай болар екен» деген уайыммен тыныстайды. Түптің түбінде өзің сияқтылардан дәулетің асып тұрғаны да жақсы емес, әсіресе «өзің сияқтылар» миллиардтап саналса.

Басқа біреуде бар әлденені қалау өз ерекшелігіңді жоғалтумен тең.

Бірақ «мен ғажаппын» деген ой да тұлғаңыз үшін қауіпті. Шындықты алақандағымен ғана есептей бастайсыз.

Ат төбеліндей бай-бағландардан гөрі қарақұрым көпшілік жұртқа ұқсауға тырысыңыз. Мимикрия тұлғалықтан бас тарту емес, оны қорғауға тырысу. Және де сіздерге әрдайым бәсең сөйлеңіздер дер едім, бірақ онсыз да тым артық кеткенімді біліп тұрмын. Естеріңізде болсын: сіздің айналаңызда ылғи да бір жақыныңыз бар. Оны құлай сүй демеймін, бірақ неғұрлым аз мазалауға және жанын жараламауға тырысыңыз.

  1. Өзіңізді бейбақ санаудан аулақ болыңыз. Он екі мүшеңізде сұқ саусағыңызға абай болыңыз, өйткені ол «өсекші». Сұқ саусақ – сорлылықтың белгісі, жеңілістің синонимі. Қандай қиын жағдайға түссеңіз де ол үшін тарихты, мемлекетті, басшылықты, нәсілді, ата-анаңызды, айдың фазасы мен күннің магниттік дауылын, бақытсыз балалық шақты, т.б. сыртқы күштерді кінәламаңыз. Сіз кінәні басқа біреуге аударғанда әлденені өзгерту мүмкіндігінен айырыласыз.


Жалпы, өмірді тек қана игіліктері үшін емес, қиындықтары үшін де құрметтей білуді үйреніңіз. Қиындықтар – бұл ойынның ажырамас бөлшегі, және қиындықтардың бір жақсы жері – шынайы келеді. Жаныңыз ышқынып, қиналсаңыз, ылғи да есте тұтыңыз: осы сәтте Өмір сізбен өзіне жақсы мәлім бір ғана тілде пікірлесіп жатыр.

Басқа сөзбен, аздап мазохист болыңыз. Қиындықты жақсы көрмесеңіз, өмірдің мәні толыққанды болмайды.

  1. Сіз қадам басқалы тұрған әлем осы уақытқа дейін жақсы атанып үлгермеді. Ол тарихи емес, географиялық; әлеуметтік емес, визуалды тұрғыдан тартымдырақ. Сізді бақытсыз қылуға тырысатындарға мән бермеуге машықтаныңыз. Ондайлар көп болады – ресми орындарда да, қарапайым ортада да. Егер олардан құтыла алмасаңыз, шыдаңыз, бірақ құтылған күні-ақ ұмытып кетіңіз. Тыңдарманыңыз қанша жанашыр болса да, жаңағылардан көрген құқайларыңыз туралы тіс жармаңыз.


Мұндай әңгімелер арқылы дұшпандарыңызды күшейте түсесіз. Шындап келгенде, екі адамның текетіресі ештеңеге тұрмайды. Одан шыққан жаңғырық қана маңызды. Жаңғырыққа лайықтыдан артық көңіл де, уақыт та бөлмеңіз.

Түптің түбінде дұшпандардың іс-әрекеті оған Сіздің қандай мән бергеніңізбен өлшенеді.

1988 жыл.


(Ықшамдалып алынды)


Аударған – А.Нұрша


 

Рекомендовать
Последние новости