Хуторлық Хасан Қасымбаевтың әйелі үндеу жасап, оның немен айналысатынын айтты

Сағыныш Сардарова 05 нояб. 2024 09:25 4109

Талғарда ажал құшқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін есімі БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде көп аталған Хасан Қасымбаевтың әйелі үндеу жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасымбаевтың әйелінің сөзінше, жұбайы кінәсіз, ол - ешкімге зиян тигізбеген адам.

"Ол мал шаруашылығымен айналысады. Кішігірім бетон шығаратын зауыты бар. Күйеуім туралы айтылып жатқан ақпарат жалған. Біреу айтты, қалғандары соны қолдап отыр. Оны шынымен танитын адамдарға барыңыздар, "қандай адам?" деп сұраңыздар! Бірге тұрып жатқанымызға 15 жыл болды. Үш баламыз бар. Ойлаңызшы, балаларымызға қандай психологиялық соққы тиіп жатыр?" - деді ол.

Айта кетейік, кеше "хуторлық" Хасан ұсталғаны белгілі болды.

Кейін полиция мәлімдеме жасап, Хасан Қасымбаевтың ұсталуы - Шерзаттың өліміне байланысты емес екенін хабарлады.

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А.-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.

Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - деді бұған дейін Алматы облыстық ПД өкілдері. 


Рекомендовать
Последние новости