Бостандық ауданының әкімі алматылық тұрғынның үстінен арыз жазған

Көркем Алдабергенова 01 нояб. 2024 15:45 4490

Алматының Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин азаматтық белсенді Людмила Сеңгірбаеваның үстінен арыз жазған. Оған азаматтық белсендінің әкімнің "әмиянын ұрлап алуы" себеп болған көрінеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Людмила Сеңгірбаеваның сөзінше, ол аудан әкімімен кездесіп, Ерменсай ауданындағы сумен қамту мәселесін талқыламақ болған. Биыл шағынауданда жаз бойы су болмаған екен. 

Сеңгірбаева басқа тұрғындармен бірлесіп қоғамдық бақылау бойынша комиссия құрған. Ал бір ай бұрын қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге өтініш жіберген. Себебі ол Бостандық ауданының әкімімен тікелей кездесе алмай қойған. 

Азаматтық белсендінің сөзінше, шенеунік қаншама халық наразылық білдірсе де мән бермепті.  

"Комиссияның алғашқы отырысына Санжар Алинді шақырдық. Ол шақырғанымызға құлақ аспады. Сосын біз Досаевқа хат жазып, онда Алин қызметін дұрыс атқармайтынын және бізге басқа әкім керегін айттық", - дейді азаматтық белсенді. 

Кейін Людмила Сеңгірбаеваға аудан әкімімен кездесуге ұсыныс түскен. Ол келісіп, басқа тұрғындарды жинап, кездесуге келген кезде Алин қала әкімімен шұғыл кездесуі керегін айтып, кетіп қалған.  

Белсенділер екі сағаттай күткен. Людмила Сеңгірбаева әкімнің кабинетіне кірмек болғанда ондағы қызметкер есікті ұстап тұрып, онда кіруге болмайтынын айтқан. Ал кабинетте ешкім болмаған. 

Ал 31 қазанда Сеңгірбаеваның үйінің алдына полицейлер келген. Олар Санжар Алин белсендіге қатысты арыз жазғанын, әкім Сеңгірбаева оның әмиянын ұрлап алды деп есептейтінін айтқан. Осылайша азаматтық белсендіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. 

Алматының полиция департаменті бұл ақпаратты растап отыр. Бұл іс бойынша тергеу бір айдай жүруі мүмкін. Ал Ерменсая ауданындағы су мәселесі әлі шешілмеген. 


Рекомендовать
Последние новости