"Хасан – көпке көмегін тигізіп жүрген азамат". Рысқұлов ауылының тұрғындары халыққа үндеу жасады

Қаракөз Амантай 14 окт. 2024 16:52 7471

Бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі дүйім жұртты дүрліктіріп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ал бұл істе Хасан Қасымбаевтың есім-сойы жиі ұшырасады. Бірнеше дереккөз оны "Хутор" атты жергілікті банданың басшысы ретінде атап көрсеткен және Шерзатты ажал құштырған күдіктілердің осы ұйымға қатысы бар деген ақпаратты таратқан еді. Осы тұста Алатау ауылдық округі Рысқұлов ауылының тұрғындары алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарып, халыққа үндеу жасады,  деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тұрғындардың айтуынша, әлемжеліде тарап жатқан ақпараттар шындыққа жанаспайды.

"Біздің ауыл үшін өте қиын жағдай болды. Ең алдымен марқұм Шерзаттың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. "Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді" деп бекер айтпаған. Ауыр болғаннан кейін осы тақырып төңірегінде неше түрлі ақпарат тарауда. Ауылымыз шағын болғанымен, өте ұйымшыл екенін айтқымыз келеді. Су тасқыны кезінде көмек беру үшін үш күннің ішінде 2,5 миллион теңге жинап, өз қолыммен табыстағанмын. Қаңтар оқиғасы кезінде де бүкіл Талғар үнсіз жатқан кезде осы ауылдың жігіттері біреу-міреу кіріп кетпесін деп кезек-кезек күзетті. Бұны бүкіл халық естіген шығар, бізге ешкім осылай әрекет етіңдер деп бұйрық берген жоқ.

Бұл – ауылымыздың ұйымшылдығы. Таяқтың екі ұшы болады. Біздің ауылымызға қатысты жаман сөздердің айтылмауын сұраймыз. Әртүрлі пікір айта бермей, құқық қорғау органдарына арыздарын жазсын, тексерсін. Тексермей жатса, шулатсын. Үйде отырып, анау айтты, мынау айтты деген сөздерді доғару керек", - дейді ауыл тұрғындары.

Олардың сөзінше, атышулы Хасан - көпке көмегін тигізіп жүрген азамат.

"Хасан керісінше, осы ауылдың бірлігі мен тірлігіне шапқылап жүр. Мектепке де, мешітке де ақшалай көмектесіп келеді. Осындай азаматты қаралап, Шерзат марқұмның ісі айдалада қалды. Одан өш ала алмай жүргендердің әрекетіне ұқсайды. Иә, оның інісі түрмеде отырған шығар. Ал оның жеке басына тіл тигізуге болмайды. Оған да ауыр тиіп жатыр. Дәлел бар ма, келіңдер, ұстап беріңдер. Ары қарай құқық қорғау органдары өздері шешеді. Қазір біреуді отыз адамға жаман десең, расымен жаман болып қалады. Сол үшін алып-қашпа әңгімелерді доғарайық. Әр нәрсенің шегі бар. Бұны естіген бүкіл ауыл жылап жатыр. Бұл сұмдық жағдай болды", - деп қосты олар.

Осы тұста ауыл тұрғындары халықты негізсіз әңгімелерге сене бермеуге шақырды.

"Біз жетім-жесірді жылатпаймыз. Өзімізде шағын қор бар. Содан ауырып жатқандарға, қиын жағдайда қалғандарға көмек береміз. Үй өртеніп кетсе де,  көмек үш күнде жиналады. Жоқ дегенде 1000-2000 теңгені кемпір-шалдарға әкеліп береді. Мұндай ауыл қай жақта бар екен? Бір ауыз сөз айтамыз, бәрі бір ауыздан көмектсуге дайын тұрады. Оның арасында кәсіпкері де, зейнеткері де, мұғалімі де, таксисті де бар. Енді кеп біздің арамызға от салып жатыр. Бұлай айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Бізді бұлай қараламасын.

Болар іс болды. Біз де ашық сотты талап етеміз. Бас прокурордан сұрайтынымыз, төбелес болған күні дүкендегі видеосын қалыпқа келтіріп, халыққа көрсетсін. Халық сол кезде сенеді. Біздің талабымыз – сол. Балаларымыздың жасаған қателігі үшін қазақ халқынан кешірім сұраймыз! Артық сөзді доғарсаңыздар!", - деп үндеу жолдады Рысқұлов ауылының тұрғындары.

Айта кетейік, марқұм Шерзаттың ісінде есімі бірнеше рет аталған Хасан Қасымбаев өзінің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында марқұм баланың әкесіне және тағы басқа тұлғаларға қарсы арыз дайындап, Талғар аудандық сотына тапсырған еді.

Хасанның айтуынша, оның атына тағылған айыптар мен қоғамдағы әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол қарапайым тұрмыстық төбелесті ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыс ретінде көрсетуге тырысып жатыр деген пікірде.

Касымбаевтың пікірінше, оны атышулы қылмыстық топпен байланыстыру негізсіз. Әлгі арызда ол ешқашан кісі өлтіруге қатысты жастарды көрмегенін, білмегенін және олардың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Хасан кез-келген қоғамдық алаңда, тіпті БАҚ арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін баса айтқан. Оның ойынша, бұл оқиға қарапайым тұрмыстық жанжал болған, бірақ оны әдейі бұрмалап, үлкен қылмыстық астар қосып, оның атына кір келтірмекші.

Бұған дейін БАҚ беттері мен әлемжеліде марқұм Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған бір топ бұзақының "Хутор" атты жергілікті бандымен байланысы бар деген ақпар тараған еді. Бірнеше дереккөз топтың төбе басында Хасан есімді азаматтың тұрғанын жазған болатын.

Алматы облыстық полиция департаменті Шерзаттың өліміне күдікті ретінде ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық еш қатысы жоғын жеткізген.

DALA INSIDE-қа белгілі болғандай, қылмыстық топ 2015-2016 жылдары белсенді болған, оның жетекшісі Ержан Қасымбаев адам өлтіргені үшін 15 жылға сотталған, қазір абақтыда отыр.

Қасымбаевтар үш ағайынды. Ақорда маңындағы күбір-сыбырға жақын жүретін инсайдерлердің айтуынша Шерзаттың оқиғасында есім-сойы жиі ұшырасқан атышулы Хасан қазір Алматыда тұрады, оның ағасы Асылан Талғар қаласы әкімінің аппарат жетекшісі (рукап).


Рекомендовать
Последние новости