Виталий Портников: «Еуразиялық одақтың болашағы бұлыңғыр»

Dalanews 06 февр. 2015 02:19 795

[caption id="attachment_9098" align="alignright" width="244"]1414400087_10714406_995452787147061_7768392183027428190_o Виталий Портников[/caption]

Танымал украин журналисті, қоғам қайраткері Виталий Портников «Қала мен Дала» газетіне сұхбат беріп,  Еуразиялық одаққа қатысты көзқарасын білдірді. Әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың Украина дағдарысын реттеудегі рөліне тоқталып, «Еуразиялық интеграцияға бастар жолда Кремль Украинадан біржолата айырылып тынды» деді өз сөзінде.

 – Ресейдің «қызыл империяны» қайта тірілткісі келетіні рас па және дәл қазіргі жағдайда бұл Мәскеудің қолынан келе қояр ма екен? 

–   Жалпы, құлаған империяны қайта тірілту Ресей империясының көптен  көксеп жүрген арманы және басты саяси мақсатының бірі. Тіпті ТМД-ның өзі Борис Ельциннің тұсында бұрынғы одақтас елдердің басын қайта қосқан ұйым ретінде қабылданған. Алайда Кремль осы арқылы Кеңес үкіметін аяғынан тұрғыза алмасын және одақтас елдер осынау ұйымға Мәскеудің амбициясын тежейтін заманауи құрал ретінде қарайтынын тез түсінді. Мұның арты Беларусьпен біріккен одақ құруға алып келді. 

Бірақ, бұл жоба «өлі жоба» еді. Неге десеңіз, әріптестер Мәскеумен ең алдымен өзінің экономикалық мүддесі үшін келісімге келеді. Олардың одан басқа ойы жоқ. Ресей болса, мұның үстінен қарайтын ұлттық басқару құрылымдарын құрғысы келеді. Яғни, тәуелсіз экономикалық әріптестікті саяси байланысқа ұластыруға тырысады. Еуразиялық экономикалық одақтағы жағдай дәл осыған ұқсас. Сондықтан да бұл құрылым ешқашан біртұтас экономикалық ұйымға айнала алмайды.
Егер осы одақтың құрамындағы ел күндердің-күні «есі кіріп» демократиялық мемлекетке айналса, бұл одақтың құрамында қалуы неғайбыл.

 – Путин Еуразиялық одақтың арқасында өзінің ықпалын күшейтуі мүмкін бе және Украинаның ендігі жерде осы одақтың мүшесі атанбасына көзі жетті ме?

– Өз басым, Ресей бұл одақ арқылы өзінің ықпалын арттырады, саяси амбициясын жүзеге асырады деп ойламаймын. Бұл одақтың Еуразия құрлығындағы ірі ойыншыға айналуының өзі неғайбыл. Өйткені, одаққа біріккен елдердің саяси мүддесі, экономикалық бағыт-бағдары әртүрлі. Тіпті, интеграция туралы түсінігі де бір-біріне ұқсамайды. Жуыр уақытта Ресейдің әлемдік саясаттағы ықпалы кеми түспесе, артпақ емес. Путин Украинаны өзі құрған виртуалды империяның құрамына қоспай тыным таппайды, ал мұның арты оның саяси режімінің күйреуіне әкелуі мүмкін.

– Еуразиялық экономикалық одақ ертеңгі күні геосаяси ұйымға айналуы мүмкін бе?
– Жоқ. Неге десеңіз, бұл ұйым ең алдымен авторитарлы жүйелердің одағы. Осы жүйенің басында отырған үш жетекшінің өзінше бір билік жүргізу, ықпал ету деңгейі бар. Ал мұндай көшбасшыларға билікті өзге біреумен бөліскен тиімсіз. Диктаторлардан құралған одақ болмайды. Егер осы одақтың құрамындағы ел күндердің-күні «есі кіріп» демократиялық мемлекетке айналса, бұл одақтың құрамында қалуы неғайбыл. «Сырт көз – сыншы» дейді. Біз бұл ұйымда экономикалық һәм саяси теңдіктің және демократиялық институттарға деген құрметтің жоқтығын көріп отырмыз. Сондықтан бұл интеграцияның ғұмыры ұзақ болады деп айту қисынсыз.
Назарбаев көп дүниені жақсы білетін, терең түсінетін тұлға. Ол бәрін де көріп, біліп отыр. Алайда әрекет ету шекарасы шектеулі. Алғашқыда ол (өзгелердей) Путин Қырыммен ғана шектелетін болар деп ойлады. Ресей президентінің әрі қарай жүрісін болжай алмады. 

– Егер Ресейдің бүгінгі саяси бағытын ескерер болсақ, болашақта Еуразиялық одақ пен Еуроодақ жақын байланыс орнатуы мүмкін бе?
–  Неміс канцлері Ангела Меркель Еуразиялық одақпен әріптестік байланыс орнатудың үлгісін табу қажеттігін айтты. Осы арқылы ол Ресей  – Украина мен Молдованың ішкі ісіне тұмсық тығуын доғарады және аталған елдердің еуропалық қауымдастыққа кіруіне байланысты алаңдаушылығы азаяды деген сенімде. Меркель демократиялық негізде ойлайтын адам. Ресейге бір кезгі Кеңес үкіметінің құрамына кірген елдермен экономикалық диалог орнату қажет емес, керісінше, олардың мемлекеттігін құрту маңызды.

Еуроодақ, ең алдымен, қаржының, еркін сауда айналымының, ал Еуразиялық одақ түрлі шектеулер мен сылтаулардың кеңістігі. Сіздердің араларыңызда шешімін табуы тиіс экономикалық кедергілер әлі де көп, себебі өзара сенім жоқ, ендеше Еуроодақпен қалай байланыс орнатпақсыздар?

[caption id="attachment_9099" align="alignleft" width="470"]Путин Украинаны өзі құрған виртуалды империяның құрамына қоспай тыным таппайды, ал мұның арты оның саяси режімінің күйреуіне әкелуі мүмкін. Путин Украинаны өзі құрған виртуалды империяның құрамына қоспай тыным таппайды, ал мұның арты оның саяси режімінің күйреуіне әкелуі мүмкін.[/caption]

– Қазіргі жағдайда Украина үшін Еуразиялық одақ тақырыбы өзекті ме?

–  Жоқ, әрине. Біз өз таңдауымызды жасадық, бағытымызды айқындадық. Украина ЕО-мен қауымдасу туралы келісімге қол қойды. Бұдан басқа алып-қосарым жоқ.

 – Қазақстан мен Беларусь басшыларының Украинаға сапары нені аңғартады?
–  Біріншіден, олар да бүгінгі жағдайда алаңдаулы. Мұның бәрі Ресейдің Украинаға басып кіргендігінен орын алды. Посткеңестік кеңістіктегі тұрақсыздық Қазақстан мен Беларусьтің экономикасына кері әсер ететін, соғыс пен Ресей экономикасының оқшаулануы жағдайды күрделендіре түсерін Назарбаев та, Лукашенко да жақсы біледі.

Екіншіден, олар осы арқылы өздерінің Мәскеуден тәуелсіз екенін, Кремльдің боданы (вассалы) емесін және өздігінен шешім қабылдай алатын салмақты саяси ойыншылар екенін көрсеткісі келді. Бұл да бекер емес. Егер путиндік жүйе құлар болса, бұл оларға өзін ақтап алуға болатын бірден-бір жол.

–  Сіздің ойыңызша, украин дағдарысын реттеудегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орны қандай?
– Назарбаев көп дүниені жақсы білетін, терең түсінетін тұлға. Ол бәрін де көріп, біліп отыр. Алайда әрекет ету шекарасы шектеулі. Алғашқыда ол (өзгелердей) Путин Қырыммен ғана шектелетін болар деп ойлады. Ресей президентінің әрі қарай жүрісін болжай алмады.  Сол себепті Ресей түбекті тартып алғанда, Назарбаев бұған енжар қарады. Негізінде, әу баста оның осы дағдарысты реттеуде араға түсетін, төрелік айтатын мүмкіндігі болған.

Ресей әскері Донбассқа басып кіргеннен кейін Назарбаев ресейлік экспанцияның Қазақстанға да үлкен қауіп төндіріп тұрғанын түсінген сияқты. Міне, сол уақыттан бері украин дағдарысын шешу және бұған тікелей атсалысу Назарбаев үшін негізгі міндетке айналды. Бұл оның жеке басының мәселесі ғана емес, сонымен бірге Қазақстанды да біртұтас мемлекет ретінде сақтап қалатын бірден-бір жол. Осылайша Астанада өтпек болған және тараптардың ортақ түсіністікке келуі мүмкін кездесу тұтас Қазақстан үшін аса маңызды саяси оқиғаға айналар еді. Бұл арада Путин де дәл Назарбаев сияқты ойлауы керек. Бірақ, Ресей президентіне әріптесінің аталған мәселегеге алаңдаушылық танытып отырғаны маңызды емес, сондықтан дәл қазіргі жағдайға және оның қалай өрбіріне Назарбаев еш әсер ете алмайды

 

Әңгімелескен, Думан БЫҚАЙ


 

 

Рекомендовать
Последние новости