ТЕРЕЗЕНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Dalanews 06 февр. 2015 02:06 953

Жаратушының жазғаны болар, Жанар жанұядағы жалғыз перзент. Әке-шешесі тірнектеп жиған дүниесін осы қыздың қызығына жұмсайды. Өзі де бойжетіп келеді. Талғамы да тамаша. Анау-мынау киімдерді қанағат тұтпайды. Әкесі жалғыз қызынан ақшасын аясын ба? Көңілі қош көргенін алып береді. Жанар не жеймін, не киемін демей өсті. Оның тым ерке мінезі оқуына да әсер етті. Қаласа сабаққа барады, қаламаса қала салады. Ата-анасының бойжеткенді бетінен қақпай өсіруі – қатарынан кем болмасын деген ниет еді.

Алайда материалдық қажеттіліктерге басымдық берген әкей мен шешей оның тәрбиесіне, рухани қажеттілігіне көңіл бөлмеген еді. Мұның арты аруды «мұрның барда бір сіңбір» дегендей, жастық шақта ойнап-күліп қалу керек деген түсінікке жетеледі. Өмірдің сәні әдемі киіну, қыдыру деген ойды қолдайтын құрбылары да аз емес еді. Өз қызының қандай ортада жүргеніне, достарының қандай екеніне көңіл бөлмеген ата-ананың жіберген бұл екінші қателігі болатын. Сонымен Жанар өзіне «қызық» болған өмірді таңдады. Қыдырды, ойнады, күлді, қысқасы, жаман әдетке еті үйренді. Сөйтіп, бақыттан басы айналып, уақытша көңіл көтерулердің қызығына тоймай жүрді... Әкесі Тоқтарбайдың сары уайымға түсуі енді кеш еді.

f6645efc54916765682cbЖанар қызыққа толы күндердің ұзаққа созылмасын қайдан білсін. Оң аяғы ауыра бастады. Тізем ауырсынып қалған болар деген оймен оған онша мән бермегенмен, уақыт өте келе аяғын тіке басудың өзі мұң болды. Дәрігерлер рентген сәулесіне түсіріп, тізесіне ет өскенін және буын ауруына шалдыққанын анықтады. Алматыдағы Ревматология орталығында айлап емделді. Аяғының жазылғанын сезінсе, араға екі-үш ай салғаннан кейін аурудың қайта меңдегені байқалды. Әкесі Жанардың мына күйінен қорқа бастады. Қайғы басқан жүзі мен жасқа толған жанарын көру тіптен қиын. Жатса да, тұрса да Жаратқанға жалбарынып, дұға жасады. Апармаған, көрсетпеген жері қалмады. Тіпті, тапсырыспен шетелден дәрі-дәрмек алдырды. Оның да уақытша ғана әсері болмаса, аурудан түгелдей айыға қоймады. Екі-үш ай аяғын тіктеп басады да, қайтадан оң аяғының ауырсынғанын сезінеді. Дәрігер Қуатжан ота (операция) жасатқанмен, оның пайдасы шамалы ғана болатынын айтып, арудың аяғына пышақ тигізбеуге кеңес берді.

Созылмалы ауруға шалдыққан Жанар талай күндер мен түндерді терезе алдында өткізді. Терезе сыртынан көретіні – адамдардың сау аяқтарымен жер басып, әрі-бері асығыс-үсігіс жүріп жатыр. Біреулер балаларын жетектеп, енді біреулер көлікке жүгіріп, тіпті таяқ ұстанған қарт та әлдеқайда асығуда...

Бүгін де күнделікті әдетінше Жанар отырған орындығымен сырғи терезе алдына жақындады. Күн сәулесі бетіне түсіп, тыжырынып қояды. Кенет ол аурухананың қарсы бетінде орналасқан мешітке көз салды. Адамдардың ерсілі-қарсылы кіріп-шығып жүргенін қызықтады. Араларынан жасты да, кәріні де, ақ жаулықты ананы да байқады. Бүгінгі күннің жұма екені бірден есіне түсті. Көп кісінің мешітке сыймай, Алла үйінің ауласына шығып намаз оқып, қол жайып, дұға жасап жатқанын көрді. Осы сәтте өзінің осы күнге дейін бір рет болсын мешітке қадам басып, дұға жасамағаны жанына қатты батты. Сау аяқтарымен осы мешіт қасынан күнде әрі-бері өтетін. Сол уақыттарда мешітке бір рет бас сұғу былай тұрсын, Алла үйінің алдынан өтіп бара жатыр екем-ау деген нәрсе ойына да келмеген еді. Жанар кенеттен мешітке барғысы келді. Бірақ, қалай барады? Аяғын баса алмайды. Адамдар секілді қолын көкке жайып, дұға жасауға асықты. Мүмкін сол кезде аяғым жазылып кетер деген ой санада тұрды. Өзін басқа нәрсеге алдандырғысы келгенмен, әлгі үміт қайта-қайта санасын мазалады. Орнынан тұрып, асығып жүре бергені сол еді, омақаса құлап түсті. Көкірегі өкініш пен өксікке толды. Жанардан шыққан жас бет-жүзін жуып, еденге тыр-тырс тамшылап жатты. Мешітке деген махаббат пен ниеті асқақтай түсті. Қазір-ақ жүгіріп кеткісі келеді. Әттең, бара алмайды. Қолын көкке созып, Алладан аяғына шипа сұрады. Ендігі бар үміті – бір Алла. Оның мейірімінен күдер үзбеу.

[caption id="attachment_9093" align="alignright" width="505"]P Қолын көкке созып, Алладан аяғына шипа сұрады. Ендігі бар үміті – бір Алла. Оның мейірімінен күдер үзбеу.[/caption]

О, Жаратқанның мейірімі-ай десейші, арада бір жыл өткен соң Жанардың аяғы жер басуға жарады. Көп жүрмесе де, аз-кем аяғын тік басып, сыртқа серуендеп келді. Бір кездері жүрегі ынтық болған мешітке барды. Дұға жасауды да ұмытпады. Шүкір айтып, намаз бен Құранға ден қоя бастады. Мешіттегі әйел ұстаздардан дәріс тыңдады. Әуретін жауып, басына орамал тақты. Сөйтіп, өткінші сынақ Жанардың маңдайын сәждеге қойып, намазға жығылуына себепші болды. Аяғы сауығып, өзі ұнатқан жігітке келісімін де берді. Оның жүзіндегі қуанышты көрген әкесі мен анасы қызының имандылық жолын таңдағанына қарсылық білдірмеді.

Сонымен, аялап, мәпелеп, алақанға салып өсірген қызын қияға қондыру сәті де таяды. Қызын жат жұртқа беруге әкесі де қобалжыды. Қызым бақытты болса, біз бақыттымыз деп, барын салып, үлкен той қамына кірісті. Белгілеген уақытта ұзату тойы басталды. Ақ тілектер айтылып, Тоқтарбайдың отбасы, туған-туысқандары мәре-сәре күй кешті. Қызды шығарып салу сәті келгенде ана жүрегі жылап қоя берді. Көпшілік те көзіне жас алып, Жанарды отбасылық өмірге шығарып салды.

Ұзақ жолды зулап артқа тастап келе жатқан «Ауди-100» мәшинесінің жүргізушісі таң қылаң бере бастағанда қалғып кетіп, қарсы бағытта қатты жылдамдықпен келген жүк көлігіне соқтығысты. Жол бойы ұйықтап келе жатқан Жанар көзін ашып үлгергені сол еді, қатты темірдің оң жамбасына келіп соғылғанын сезді.

...Одан кейінгі оқиғаны есіне түсіре алмады. Ауруханада есін әзер жиды. Дәрігерлер оның оң қолы мен оң жамбасына жасанды аяқ-қолды салып жатты... Халінің мүшкіл екендігін енді түсінді. Көзінен аққан жас оның өз аяқ-қолымен қайта қауышуға көмектесе алмайтынын білді. Баяғы әдетінше терезеге тағы көз салды. Оның қазіргі күш-жігері, қажыр-қайраты тек терезенің арғы бетіндегі өмірді көруге жетеді. Әдеттегідей адамдар намазға асығып бара жатыр. Күнделікті тіршілік. Ол мешітте айтылған азанның әуезді үнімен тыныс алып жатты.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,


ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы


Рекомендовать
Последние новости