Вейп популизмі. Respublica партиясына «болмағанды болды» деу жараса ма?

Dalanews 02 авг. 2023 02:56 1045

Respublica партиясы вейптерге қарсы күрестің көшін бастап, соның арқасында өзін жастардың денсаулығына қамқоршы етіп көрсеткісі келетіні түсінікті. Бірақ осы жолда, олар ақпараттық манипуляцияға саналы түрде жол бере бастады.


Партия «Үкімет вейптерге толығымен тыйым салу шешімін қабылдады» деген мәлімдеме таратқан. Алайда, Үкімет ешқандай ресми шешім қабылдамаған. Әңгіме, тек ведомствоаралық комиссия отырысындағы дауыс беру турасында жүрген. Бірақ ВК (ведомствоаралық комиссия) отырыстарының Үкімет атынан Жарлық шығаратын құқығы жоқ. Олар тек кеңес беруші, ұсыныс дайындаушы орган. Әрі, вейптерді сату, тиым салу мәселесі тек тиісті Заң актілерімен реттеледі.



Respublica партиясы таратқан ақпаратқа сәйкес, партияның көшпенді кезектен тыс III Съезінің барысында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау былай деп мәлімдеген:

– Мен өз сауалымда вейптерді сатуға толық тыйым салуды ұсындым. Балалардың денсаулығы мен тағдыры үшін күрес өз нәтижесін берді! Кеше бірауыздан дерлік (12 қарсы 2) ведомствоаралық комиссия мүшелері вейптерді сатуға, әкелуге, экспорттауға және өндіруге толық тыйым салуды енгізуге дауыс берді.


Бұл тек дауыс қана. Оны Үкімет вейптерді сатуға тиым салады деп қабылдамау керек. Себебі, Үкімет ВК-дан басқа, салық органдарын басқаратын Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің уәждерін тыңдауы тиіс.

Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі вейпке қатысты, «осы қауіпті құбылыспен күресу үшін жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдау керек, тек тыйым салумен мәселе шешілмейді», - деген болатын.


Тек қана тиым салып тастау, ешбір уәжді тыңдамау, сол арқылы саяси ұпай жинау қиын емес. Respublica партиясы өкінішке орай осындай жеңіл жолға түсе салды. Бірақ одан тығып сататын вейп саны азаймайтын болады. Салық төлеп отырған, өз өнімінің сапасына жауап беретін ресми сату орындары жабылмақ. Орнына нарықты сұр импорт, есепсіз контрафакт бұйымдар жаулайтыны анық.

Осы ретте, артық қыламыз деп тыртық қылып алмаймыз ба деп сұрағымыз келеді. Ия, тиым салып, жауып тастау қиын емес. Заң қабылданса болды.

Бірақ контрафактпен кім күреседі, одан вейп шегетіндер саны азая ма? Депутаттар үшін тек заң қабылданса болды. Ол орындала ма, орындалмай ма, онда еш шаруалары болмайды.

 

Рекомендовать
Последние новости